Түркістан облысы: Ордабасы ауданының әкімі тапсырмаларға атүсті қарамау керектігін ескертті

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтті.

Күн тәртібінде бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуы, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің жұмысы мен өзекті мәселелері, тұрғындардың кездесудегі ұсыныс-пікірлерінің орындалуы және елді мекендердің санитарлық тазалығы туралы мәселелер қаралды.

Салалық бөлім басшыларының баяндамаларынан кейін аудан әкімі аудандық кірістер басқармасының басшысына әкімдіктің салалық бөлімімен бірлесіп кірістерді арттырудың алгоритмін жасауды және салықтық қарыздарды өндіруді міндеттеді. Сондай-ақ ауыл округтердің әкімдеріне, тиісті бөлімге жол бойындағы коммерциялық нысандардың, тұрғын үйлердің қасбеттерін ретке келтіруді, талдарды, қоршауларды, аялдамалар мен басқа да нысандардың қабырғаларын әктеп-сырлауды, санитарлық-тазалық жұмыстарын жандандыруды, жолаяқтарды сапалы етіп бояуды тапсырды. Одан бөлек, ұйымдастыру-инспекторлық бөліміне тұрғындардың ұсыныс-пікірлеріне, хаттамалық тапсырмаларға талдау жасауды айтып, әрбір тапсырманың маңызы зор екенін және сала мамандарының тапсырмаларға атүсті қарамауларын ескертті.

Сонымен қатар бүгін Ордабасы ауданы әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кадиевтің төрағалығымен мемлекеттік қызметшінің кәсіби-тұлғалық болмысын жетілдіруге бағытталған «Құқықтық сауаттылық» жобасы аясында мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама нормаларын және Қазақстан Рсепубликасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын, Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормалары мен мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жиынға дербес бөлімнің басшылары, ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімі аппаратының қызметкерлері қатысты.

Аппарат басшысы баяндама жасап, мемлекеттік қызметшілерді әдеп нормаларын сақтап жүруге, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға үлес қосуға шақырды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер өздерінің жүріс-тұрысымен өзгелерге үлгі болулары керектігін тілге тиек етті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin