Түркістандық үш отбасыға демеушілер үй сыйлады

Түркістан қаласында тағы үш отбасы қуанышқа кенелді. Демеушілер есебінен қабырғасы қаланып, бой түзеген баспаналар әлеуметтік қолдауға аса мұқтаж деп танылған үш отбасыға табысталды.

Әр үйдің көлемі 85 шаршы метрді құрайды, үш бөлмесі, асханасы және арнайы шомылу бөлмесімен қамтамасыз етілген. Электр желісіне, табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосылған.

Бұл қуанышқа облыс әкімі Дархан Сатыбалды мен қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков ортақтасып, отбасыларға ізгі тілек-ниеттерін білдірді.

Тұрғындар облыс әкімінің қабылдауында баспана мәселесін көтеріп, көмек сұраған болатын. Өтініш қабылданды.

– Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – ең өзекті әрі маңызды мәселе. Түркістан облысында бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. Шаңырақтарыңыз шаттыққа, жақсылыққа толсын. Шын жүректен құттықтаймын! – дейді Дархан Сатыбалды.

Баспана кілтін табыстау сәтінде тұрғындар осы игі іске ұйытқы болған азаматтарға алғысын жаудырды. Қазіргі таңда облыс орталығында үй кезегінде 17 мыңға жуық адам тіркелген. Соның ішінде 6602-сі әлеуметтік әлсіз топ мүшелері, 45550-і көпбалалы отбасы мүшесі, 220-сы тұл жетім, 5607-сі мемлекеттік қызметкер санаты бойынша тіркелген. Ал 3 азамат тұрғын үйі апатты деп танылғандар санатында тіркелді.

Биыл жоспар бойынша 190 пәтер кезек бойынша, 2754 пәтер ипотекамен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша 684 пәтер кезек бойынша, 1649 пәтер ипотекамен табысталған болатын.

 2014 жылдан бері Түркістан қаласында кезек бойынша 3298 пәтер үлестірілсе, демеушілер есебінен 50-ге жуық баспана тарту етілген.

Қазіргі таңда шаһарда мемлекеттік бюджет және инвесторлар тарапынан 56 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. “Отырар” мөлтек ауданындағы 5 қабатты 20 үйдің және Мәдениет үйінің құрылысы басында қызу тіршілік. Жалпы 800 пәтерлі 5 қабатты 20 тұрғын үй биыл пайдалануға берілмек. Пәтерлерді нарық бағасынан төмен, яғни шаршы метрі 220 мың теңгеден несиеге ұсыну жоспарланып отыр. Биыл қалада жалпы мемлекеттік бюджет есебінен 32 көппәтерлі үй, ал жеке инвесторлар есебінен 24 көпқабатты үй, жалпы саны 2024 жылы 1800-ден астам пәтер пайдалануға беру жоспарланған. Ал 500 орындық мәдениет үйінің құрылысы 2023 жылы басталған. Нысанда сахна, саябақ, автотұрақ және балалар ойын алаңшасын салу көзделген. Мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары алдағы жылы аяқталып, қолданысқа беріледі деп күтілуде.

Соңғы 2024 жылы да бұл сала бәсеңдеген жоқ. Түркістанда қазір 397 көпқабатты үй болатын болса, оның 149-ы осы соңғы жылдары пайдалануға берілген. Қазіргі таңда бюджет есебінен салынып жатқан 32 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқтағаннан кейін баттандыру жұмысы басталады. Үйлер Отбасы банк арқылы сатылатын болады. Бұрын әр шаршы метріне 180 мың теңгеден сатылған болса, қазір 220 мың теңгеден сатылады. Түркістан қаласындағы тұрғын үйлердің бағасы бүкіл Қазақстан бойынша ең төмен болып саналады.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында тұрғын үй кезегіне 17 мыңға жуық азамат мұқтаж ретінде тіркелген. 2023 жылдың қорытындысымен кезекте тұрған азаматтарға 684 пәтер беріліп, жалпы 3 жылда кезекте тұрған азаматтарға 1518 пәтер кілті табысталды.

Расында да, елімізде тұрғын үй өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Баспаналы болғысы келетін көптеген қазақстандықтың жалғыз үміті – ипотека.  Биыл «Отбасы банкі» АҚ түрлі әлеуметтік топтар үшін жеңілдетілген шартпен бірнеше мемлекеттік ипотекалық бағдарламаны ұсынады. Олардың шарттары туралы тарқата түсіндіргенді жөн көрдік.

«2-10-20» және «5-10-20» бағдарламалары

Бұл бағдарламалар бойынша кредиттер 10% мөлшерінде бастапқы жарна болған кезде жылдық 2% және 5% (тиісінше 2% — дан және 5,2% — дан бастап) ставкалар бойынша беріледі. Несиелеу мерзімі – 20 жылға дейін.

Жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған келесі санаттағы азаматтар (жылдық 2% ставка бойынша қолжетімді қарыздарға (2% — дан бастап СЭС) үміткер бола алады:

— Бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар;

— Мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе тәрбиелеп отырған отбасылар;

-Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

— «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, көпбалалы аналар.

Бағдарламаға қатысушылар тұрғын үйге кезекке қою күні мен санатына қарап іріктеледі. Әлеуетті қатысушыларды іріктеуде бірінші кезекте 1 және 2 топтағы мүгедектерге және мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға басымдық беріледі.

5% мөлшерлеме бойынша займдар жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың барлық басқа санаттарына қолжетімді.

Мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтінімдерді қабылдау жылжымайтын мүлік порталында (otbasybank.kz) сатылатын объектілер шеңберінде жүзеге асырылады. Осы бағдарламалар бойынша жылжымайтын мүлікті займ арқылы алушы тұрғын үйге кезегінде тұрған аймақта сатып алуы тиіс.

Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы

Жастар бағдарламалары Алматы, Астана, Ақтөбе, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау Абай, Ұлытау және Павлодар облыстарында іске қосылды.

Бағдарламаға Қазақстанның 35 жасқа дейінгі кез келген азаматы қатыса алады. Оған ерлі-зайыптының біреуі ғана қатыса алады. Өтінім берген кезде қатысушының ресми жұмыс өтілі 6 айдан 12 айға дейін болуы керек. Сонымен қатар соңғы 5 жыл ішінде қатысушының меншігінде жылжымайтын мүлік болмауы тиіс.

Банк тұрғын үй құнына емес, тек несие сомасына шектеу қоя алады. Аймаққа байланысты ол 10 млн теңгеден 20 млн теңгеге дейін ауытқиды. Егер таңдалған опция қымбаттырақ болса, онда бағдарламаға қатысушылар қарыз сомасы мен тұрғын үй бағасы арасындағы айырмашылықты өзі жабады.

Жастар бағдарламасы бойынша бастапқы жарна – 10%, ал пайыздық мөлшерлеме – жылдық 5%-дан (ЖЭС-5,2% — дан). Ипотеканың максималды мерзімі – 19 жылға дейін.

Жас ғалымдарға арналған бағдарлама

Бағдарлама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, жас ғалымдарды қолдау, тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті кредиттер беру үшін іске асырылып жатыр.

Қаржыландырудың жалпы көлемі – 5 жыл. 1000 жас ғалымды қолдауға арналған қаржы көлемі – 16,6 млрд теңге.

Бағдарлама ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Ғылым комитетіне және министрліктің тіл саясаты комитетіне ведомстволық бағынысты ұйымдарда ғылыми зерттеулермен айналысатын ғалымдар үшін қолжетімді. Бұл ғалымдардың гранттық немесе бағдарламалық-нысаналы қаржыландырумен ғылыми жобаларға, сондай-ақ ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру жобаларына қатысуды қоса алғанда, кемінде магистр дәрежесі және ғылыми-зерттеу жұмысының кемінде 3 жыл тәжірибесі болуы тиіс.

Ғалымдарға арналған тұрғын үй бағдарламасы жылдық 5% ставка бойынша (ЖЭС 5,2% бастап) ең аз бастапқы жарнамен 10% — дан несие алуға мүмкіндік береді. Бағдарламаға қатысушыға берілетін кредиттің ең көп сомасы – 20 млн теңгеге дейін.

«Жасыл ипотека» аясында қарыз алу мүмкіндігі бар. Несиенің ең жоғары сомасы 35 млн теңгеге дейін. Қарыз бойынша мөлшерлеме -жылдық 8% (ЖЭС 8,2% — дан бастап). Бастапқы жарна 20% — дан 50% — ға дейін.

Бағдарлама аймақтар бойынша тұрғын үй таңдауды шектемейді, яғни елдің кез келген қаласында жылжымайтын мүлік сатып алуға мүмкіндік береді. Қатысушылардың тізімін жұмыс беруші қалыптастырады, ал кредитке өтінімдерді банк ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының тізіміне енгізілген тиісті ұйымның жолдамасы негізінде қабылдайды.

Бағдарламаға қатысушының және оның отбасы мүшелерінің меншігінде соңғы 5 жыл ішінде баспана болмауы керек. Үміткердің жасы 40-тан аспауы қажет. Кредит берудің ашықтығы мақсатында бағдарламада қарыз алған қатысушылар туралы ақпарат қарыз алушылардың келісімімен банктің ресми сайтында жарияланатыны көзделген.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы

Жоба тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беруді көздейді. Қарыздың ең жоғары сомасы – 1500 АЕК-ке дейін. Кредит бойынша мөлшерлеме 0,01% — ға тең (СЭСВ – жылдық 0,01% — дан бастап). Сондай-ақ бағдарлама шеңберінде ауылдарда көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған. Азаматтардан өтінімдер жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданады otbasybank.kz.

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасына кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Ең бастысы, олардың дипломы бар және бірқатар мамандық бойынша жұмыс істейді. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).

Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтардан талап етілетін қызметкерлердің тізбесін жасайды және сол тізбе шеңберінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

Займ (қарыз) — маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Несиенің максималды мерзімі – 15 жыл. Шарт бойынша жобаға қатысушы ауылдық жерлерде мамандық бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin