Түркістан облысы: Созақ ауданында су үнемдеу технологияларын енгізу мәселесі талқыланды

Су үнемдеу технологияларын енгізу барысы аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің қатысуымен өткен семинар-кеңесте кеңінен талқыланды. Семинар-кеңеске аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және аудандағы агробизнес өкілдері мен ауыл, кент округ әкімдері қатысты.

Ашық аспан астында өткен басқосуда аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы шаруалармен ашық түрде пікір алмасып, жаңа технологиялардың тиімділігіне тоқталып өтті.

Тамшылатып суару қондырғысын жетік меңгерген шаруалар өз ойларын ортаға салып, жаңа технология арқылы өнім көлемін арттыруда едәуір табысқа кенелгенін тілге тиек етті.

Сонымен қатар, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов су үнемдеу технологияларын енгізу мен жобаны қаржыландыру механизмін таныстырып, жаңбырлатып, тамшылатып суару қондырғысын тасымалдаушы «BNK Group», «Eurasia Group Kazakhstan», «Aquabest» компанияларының өкілдері өз жұмыстарын слайд негізде түсіндірді.

Сондай-ақ “Айбегім» ЖШС көктемгі дала жұмыстарына төмендетілген бағамен бөлінген жанар-жағармай (дизель) отынына қатысты шаруалармен өзара келісімшартқа отырды.

Айта кетейік, өткен жылы ауданда 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 30 ауыл шаруашылығы техникасы алынды. Сондай-ақ 14 390 гектар егістік жер игеріліп, 5,2 гектар жерге тамшылатып, 164 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісі енгізілді.

Осы тұста атап өтерлігі, бүгінгі таңда облыстағы 832 елді мекеннің 739-ы (7 қала, 732 ауыл) ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде, қалаларда – 99,8%, ауылдық елді мекендерде – 97%. Биыл 47 нысанның құрылысына бюджеттен 13,3 миллиард теңге бөлінді. Соның ішінде, 37 нысан аяқталады, қалған 10 нысан 2025 жылға өтпелі. Нәтижесінде, 24 елді мекен ауыз сумен қамтылады, 13 елді мекеннің тозығы жеткен су құбырлары қайта жаңартылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында елімізде ондаған жыл бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан ауыз су мәселесі әлі шешімін таппағанын айтып, Үкіметке өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі.

Түркістан облысы бойынша ауыз сумен қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспарына сәйкес, қазір қалып тұрған 93 елді мекенді (53,3 мың халық) ауыз сумен қамтамасыз ету шаралары күн тәртібінде тұр. Оның ішінде, 42 елді мекенге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу, 51 шағын елді мекенге кешенді блок-модуль қондырғысын орнату қарастырылып отыр.

Түркістан облысының ауыл шаруашылығы республикада ерекше орын алады. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 13,3%-ы аталмыш облысқа тиесілі. Климаттық орналасу, жұмыс күші тұрғысында бұл – аграрлық саланы дамытуға еліміздегі ең қолайлы өңір.

Білуімізше, облыста 81,3 мың агроқұрылым (республика бойынша 30%) жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау мен атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, 2023 жылдың қорытындысымен жалпы өнім көлемі 1 триллион 159,0 миллиард теңгеге жетті (нақты көлем индексі 102% өсті). Соңғы 5 жылда өнім көлемі 2,1 есеге артты.

Сондай-ақ саланың инвестициялық тартымдылығы жылдан-жылға ұлғайып келеді. 5 жылда 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде жеке инвестициялар тартылып, қайта өңдеу кәсіпорындары, заманауи тауарлы сүт фермалары, ірі бордақылау алаңдары, жылыжай кешендері, қарқынды баулар және су үнемдеу технологиялары енгізіліп жатыр. Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті қарқынды артты. 2023 жылы 384,6 миллион АҚШ долларының 1054,6 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспортталды.

Бүгінгі күнде облыстың ауыл шаруашылығы саласында негізгі түйткілді мәселелер — ағын су тапшылығы мен мақта бағасының құбылмалылығы.

Облыста ауыл шаруашылығы егіс алқаптарының көлемі — 870,0 мың гектар. Оның ішінде, суармалы алқап — 552,0 мың гектар. Жылдық ағын судың қажетті лимиті – 4,4 миллиард текше метр. Ағын су шығынын төмендету бағытында, су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі күні 32,3 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізілген.

Көктемгі тасқын суларды тиімді пайдалану үшін «Боралдай» (45 миллион текше метр) және «Бәйдібек ата» (68 миллион текше метр) су қоймаларын салу жобалары әзірленді. Бұл Бәйдібек, Ордабасы, Отырар, Сауран аудандарында және Түркістан қаласында 67 мың гектар егіс алқабының суару мәселесін шешуге мүмкіндік береді. «Бәйдібек ата» су қоймасы бойынша құрылыс жұмыстарын бастауға 2023 жылы облыстық бюджеттен 680 миллион теңге бөлінді. 2024 жылы республикалық бюджеттен қаржы бөлінді.

Трансшекаралық өзендер мен магистралды каналдарға тәуелді болуына байланысты, өңірде негізгі ағын су тапшылығы Мақтаарал, Жетісай аудандарында сезіледі. «Достық» магистралды каналы арқылы 140 мың гектар суармалы алқапқа тиісті ағын су көлемі жыл сайын 30-35%-ға кем алынып келеді. Осыған байланысты, Үкіметтік деңгейде Орталық Азияның мемлекетаралық үйлестіру су шаруашылығы комиссиясының отырысында бекітілген кестеге сәйкес, ағын су лимитінің босатылуы бақылауда болады.

Иә, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басындағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында әкімдерге құрғақшылықпен күрес бағытында бірқатар тапсырма жүктеді. Ағын суды үнемдеу мақсатында жаңа технологияларды қолдану, тың тәсілдермен жұмыс істеу керектігін айтты. Кеңейтілген отырыста Президент Түркістан өңіріндегі құрғақшылық пен су тапшылығы мәселесін шешуде су үнемдеу технологиясын кең ауқымда енгізуді тапсырды. Бұл бағытта суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді дақылдарды көбейтудің қажеттілігіне тоқталды. Әрине, бұл – бүгінгі күн тәртібінде тұрған негізгі мәселенің бірі. «Берілген тапсырмаларды сапалы орындауға бар күшімізді саламыз» — деп отыр өңір басшысы Дархан Сатыбалды.

Жалпы, Түркістан облысында ұзындығы 12,3 мың шақырым 3 мыңнан астам канал, 42 дана су қоймасы бар. 75%-ы жөндеуді қажет етеді. «Мәселені шешу үшін «2030 жылға дейін Түркістан облысының суару жүйелерін қалпына келтіру» кешенді жоспары әзірленді. Соның аясында 3 жаңа су қоймасы салу, 8 гидротехникалық құрылыс және 40 суару жүйесін қайта құру қарастырылды. Соңғы бес жылда коммуналдық меншіктегі 245,1 шақырым канал күрделі жөндеуден, 1,1 мың шақырым қашыртқылар механикалық тазалаудан өткізілді. Нәтижесінде, 61,3 мың гектар жер сумен қамтамасыз етіліп, 45,2 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 канал күрделі жөндеуден өтіп, ұзындығы 488 шақырым қашыртқылар механикалық тазартылады. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерлерге су жеткізу қабілеттілігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады» — деп отыр облыс әкімі.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 873,6 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Егіс құрылымын әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар 7,8 мың гектарға артып, 281,2 мың гектарға, жүгері 5,6 мың гектарға артып 47 мың гектарға, мал азықтық дақылдар 4,2 мың гектарға артып 227,9 мың гектарға орналастырылса, сәйкесінше күріш 1,2 мың гектарға (2 мың гектар), мақта 6,4 мың гектарға (105 мың гектар) қысқартылатын болады.

Облыстың оңтүстік өңірлерінде монодақылға айналған мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері, бұршақты дақыл және мал азықтық дақылдармен алмастыру арқылы ауыспалы егісті ендіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта дәндік жүгеріні өткізу нарығымен қамтамасыз ету мақсатында, Шардара ауданының индустриалды аймағында 35 гектар аумаққа құны 32 миллиард теңге болатын Түркия және Франция елдерінің технологиясымен «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ағын су тапшылығын төмендету мақсатында су үнемдеу технологияларын енгізу, су нысандарын қалпына келтіру және жаңа су қоймаларын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда 32 мың гектарға су үнемдеу технологиялары ендірілді. Ағымдағы жылға қосымша 22 мың гектарға ендіру жоспарланып отыр. Ағын су шығынын төмендету бағытында облыста су үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға енгізілген (22 мың гектар тамшылатып, 10,3 мың гектар жаңбырлатып). Тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын ендіру көлемін 216,3 мың гектарға жеткізу қарастырылып отыр.

Облыста су үнемдеу технологияларын шығаратын кәсіпорындарды ашу инвестициялық жобаларын жүзеге асыру қолға алынды. Түркістан қаласы өндірістік паркінде «BNK Group LTD» ЖШС-нің құны 4,1 миллиард теңге болатын жылына 960 дана жаңбырлатып суару машинасын шығару зауытының 1-кезеңі іске қосылды (жылына — 960 дана машина). Сонымен қатар, «ZHANASSYL» ЖШС-нің құны 6,1 миллиард теңге болатын тамшылатып суару құрылғыларын шығаратын зауыт жобасы әзірленіп жатыр.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, аталған жобалар есебінен және Ауыл шаруашылығы министрлігінің су үнемдеу технологияларына кеткен инвестициялық шығыстарды өтеу үлесі 80 пайызға ұлғайту ұсынысы негізінде облыста су үнемдеу технологияларын ендіру жоспарын толығымен орындауға мүмкіндіктер бар. Қазіргі таңда жалпы алаңы 10,5 мың гектарға су үнемдеу технологияларын ендіру бойынша құны 17,8 миллиард теңге болатын 11 инвестициялық жоба дайын.

Назар аударар тағы бір мәселе, ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Мемлекет басшысының 2024 жылғы 7 ақпандағы ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын орындау аясында, 2024-2026 жылдарға арналған су үнемдеудің жол картасын әзірледі. Жол картасы су саласын цифрландыру, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері үшін мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру, заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу және неғұрлым үнемді ауыл шаруашылығы дақылдарына көшу жөніндегі іс-шараларды көздейді.

Сондай-ақ кәсіпорындарда суды қайта пайдалануды енгізу, коммуналдық сумен жабдықтауды есепке алу жүйелерімен толық қамту, ірі елдімекендерде тазартылған сарқынды суларды қайта пайдалану, су шығынын азайту жөніндегі іс-шаралар және су ресурстарын тұтыну мәдениетін енгізу қарастырылды.

«Құжат еліміздің су саласының барлық бағыттарын қамтиды. Суды тек кәсіпорындар мен шаруалар ғана емес, барлық қазақстандықтар үнемдеуі тиіс. Сондықтан жол картасына халық арасында суға ұқыпты қарау мәдениетін насихаттау бойынша да іс-шаралар енгізілді», — дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Жалпы, Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін отандық өндірушілерге техника сатып алуға көмектеседі. Бұл жайлы Түркістан облысына жұмыс сапары кезінде премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты.

Ол Шаға ауылдық округіндегі өнеркәсіптік парк аймағына барған. Вице-премьер қазақстандық «BNK Group» компаниясы мен америкалық «Nelson Irrigation» компаниясы бірлесіп өндіретін «BNK IRRIGATION» жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосқан. Бұл Қазақстанда су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану үшін су шашыратқыш машиналардың толық циклін өндіруді жолға қоюға мүмкіндік бермек.

Тамшылатып суару технологиясы элиталық сорттардың тұқымын себу негізінде мақта-тоқыма кластерін құруға, мақта өсіруге арналған аумақты қысқартуға және қазіргі заманғы стандарттардағы тоқыма өндірісі үшін жоғары сапалы шикізат жинауды бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге мұндай машиналар ылғал сүйгіш дақылдардың өнімділігін арттыруға көмектеспек.

«BNK Group» компаниясының директоры Ниязали Бейсенбаевтың айтуынша, кәсіпорынға қазіргі таңда ҚР резиденті ретінде күшті салық жүктемесі артылып отыр. Ол нарықта ұсынылған шетелдік компаниялардың бұл тұрғыда бірқатар артықшылықтары бар екенін айтты. Мәселен, ҚР резиденті емес компаниямен жасалатын келісімшарттардың көпшілігі ҚҚС және басқа да мемлекеттік баж салықтарынан босатылған. Осы орайда Серік Жұманғарин Қазақстанға тамшылатып суаратын технология қажет екенін, ҚҚС мәселесін Ауыл шаруашылық министрлігімен шешуге тырысатынын жеткізді.

«Қазақстанға өз өндірісіндегі жаңбырлатқыш машиналар қажет екені сөзсіз. Біз отандық өндірушіге басқа өңірлерде су үнемдеу технологияларын енгізу үшін техника сатып алу бөлігінде қолдау көрсетеміз. ҚҚС төлеуге келетін болсақ, ауыл шаруашылығы министрлігіне Астанаға оралғаннан кейін бұл мәселені тезірек шешу үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен кеңес өткізуді тапсырамын», — деп жауап берді кәсіпорын директорына Серік Жұманғарин.

Сонымен бірге Жұманғарин қытайлық мақта-тоқыма кластеріне де барған. Бұл кластерде жоғары сапалы шикізатты өсіруден бастап, жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы үй тоқыма бұйымдары өңделіп, өндіріледі. Сонымен бірге кәсіпорын облыста алғаш рет тамшылатып суару жүйелерін орнатып, 1 мың гектардан астам аумаққа мақтаның элиталық сорттарының тұқымын сепкен. Сонымен бірге кезең-кезеңмен пластикалық құбырлар, тамшылатып суару жүйелері, мақта өңдеу бойынша екі зауыт, иіру, тоқу фабрикалары және кластердің басқа да жоспарланған объектілерін өндіретін зауыт пайдалануға беріледі. Онда 4 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, қазақстандықтарды – жоғары сапалы маталармен және тоқыма өнімдерімен қамтамасыз ету көзделген.  

Еске сала кетсек, елімізде су үнемдеу технологияларына қаржыландыру тәртібі 50/50 әдісімен беріледі. Яғни егіншілікте, су үнемдейтін технологияға көшкісі келген шаруаға су құрылғысына кететін шығынның жартысын мемлекет өтеп береді. Әсіресе жаңбырлатып суару мен тамшылатып суару жүйесімен жұмыс істейтін шаруаларға жеңілдіктер қарастырылған. 

Қазақстанда су үнемдеу технологияларын енгізгені үшін агрийлерге субсидиялар 30%-ға ұлғайды. Осылайша, субсидиялардың мөлшері 50%-дан 80%-ға дейін өсті. Бұл туралы ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Бұл қазіргі заманғы суару жүйелерін сатып алу, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылымды жүргізу шығындарын жабуға көмектеседі», — деп атап өтті ведомствода.

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда жиналатын судың жалпы көлемінің 60%-ы ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін пайдаланылады, бұл тәулігіне 40 тоннадан астам.

Су ресурстары министрлігінің деректері бойынша, жаңа Су кодексі су үнемдеу технологияларын енгізуге байланысты субсидиялар және суға төмендетілген тарифтер түріндегі мемлекеттік қолдау шараларын көздейді. Сондай-ақ, өсірілетін дақылдардың түрлеріне және олар тұтынатын су көлеміне байланысты тарифтерді есептеу ұсынылады. Сонымен қатар, ұңғымаларды бұрғылауға арналған субсидиялар 80%-ға дейін өсті.

«Енді мемлекет шаруалардың су үнемдеу жүйелерін сатып алуға және орнатуға жұмсаған шығындарының 80%-на дейін өтейтін болады. Біздің министрлік бүкіл ел бойынша су үнемдеу технологияларын белсенді енгізуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін 2030 жылдың соңына дейін кезең-кезеңмен жоспар әзірленді, ал әрбір өңірге су үнемдеу жүйелері орнатылған егіс алқаптарын ұлғайту бойынша нақты индикаторлар берілді. Осылайша, 2030 жылдың соңына қарай республиканың суармалы жерлерінің жалпы көлемінің 50%-дан астамын суды үнемдеу технологиясымен қамту арқылы жылына 2,1 млрд текше метрге дейін су үнемдеу жоспарлануда», — дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin