Түркістан облысы: Созақ аудандық орталық ауруханасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары (ЖСҚ) мемлекеттік сараптамадан өткізіліп жатыр

Өңірдің денсаулық сақтау саласында биыл 8 медициналық ұйымға күрделі жөндеу жұмыстарын өткізу жоспарланған. Бүгінгі таңда Кентау қалалық орталық ауруханасы, Келес аудандық «Абай» ауруханасы, Бәйдібек аудандық орталық ауруханасына қарасты, Боралдай дәрігерлік амбулаториясы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарына мердігер мекемесі анықталып, келісімшарт түзілген. Алайда жобалардың техникалық қадағалаушысы анықталмағандықтан, құрылыс-монтаждау жұмыстарын басталмаған. Техникалық қадағалаушы анықталған соң, жұмыс кестесі бекітіліп, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға тиісті басқармадан рұқсат алынады деп күтілуде.

Сайрам аудандық орталық ауруханасы, Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасы, Созақ аудандық орталық ауруханасы, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханалары бойынша жобалау-сметалық құжаттамалары (ЖСҚ) мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. 2023 жылдан өтпелі, Жетісай аудандық орталық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары бүгінгі күні толығымен орындалды. Ал Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы бойынша 90% орындалып, жөндеу жұмыстары жалғасуда.

Бұдан бұрын 4 ауданаралық АОА күрделі жөндеуі бойынша Сарыағаш, Жетісай, Сайрам және Ордабасы аудандық орталық ауруханаларының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу жоспарланып, замануи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру стандартына сәйкес жүзеге асырылуда. Оның ішінде Ордабасы аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жұмыстары 2022 жылы, ал Жетісайдағы сәуір айында аяқталды. Сарыағаш аудандық ауруханасының күрделі жөндеу жұмыстары мамыр айында аяқталады деп жоспарланып отыр. Биыл Сайрам аудандық орталық ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары басталып, келесі жылы аяқталады деп күтілуде.

Айта кетейік, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылында орналасқан «Алғабас» дәрігерлік амбулаториясы ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып, былтыр күз айында аяқталған.

Денсаулық сақтау саласы туралы қосымша ақпараттармен бөліссек. Аудан халқына 28 емдеу мекемесі қызмет көрсетеді. Нақтырақ айтсақ, 1 аудандық аурухана, 1 аудандық емхана, 1 МСАК орталығы, 9 дәрігерлік амбулатория, 4 фельдшерлік-акушерлік тірек, 13 медициналық тірек. 

2023 жылы диспансерлік есепте тұратын науқастар 258 миллион теңгеге тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.

Басты бағыт ана мен бала денсаулығын қорғау болып табылады. Осы мақсатта жүйелі түрде ана мен нәрестелер өлімін болдырмау көрсеткішін барынша төмендетуге арналған іс-шаралар атқарылуда.

2023 жылы 1 жасқа дейінгі 12 нәрестелер өлімі орын  алған. (2022 жылы 13 нәресте өлімі орын алған). Ал, туберкулезден болған өлім көрсеткіші өткен жылы да, биыл да тіркелмеді.

Денсаулық сақтау саласының әрбір көрсеткішін төмендету бойынша алдын алу шаралары атқарыла беретін болады.

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарына 75 дана жедел жәрдем санитарлық автокөлік табыстаған болатын. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған «Hyundai i30» маркалы жедел жәрдем автокөлігінің екеуі Созақ ауданына жеткізілді.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның демеушілігімен 2 жедел жәрдем автокөлігі алынды. Бұл көліктердің ерекшелігі, жол талғамай, құмды жерлер мен шалғай ауылдарға еш қиындықсыз қатынай алады. Науқастарды тасымалдауға арналған көліктің ішінде жататын орын және алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.

2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сөйлете кетейік. Биылғы 3 айда 1 нәресте өлімі орын алған.

Облыс әкімі бекіткен үш жақты келісім жөніндегі Меморандумдағы көрсеткіштер бойынша, рейтингтік бағалау нәтижесінде 2023 жылдың қорытындысына сәйкес Созақ ауданы көш басынан орын алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin