Түркістан облысы: Отырар ауданы әкімі «Қызыл Ту» насос стансасында болды

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы Қоғам ауылына жасаған жұмыс сапары барысында ауыл округіндегі өзекті мәселелермен танысып, бірқатар құрылыс нысандарын аралап көрді.

Қоғам ауылындағы С.Әшіров атындағы жалпы білім беретін мектебі 1992 жылы салынған. 600 балаға арналған оқу ордасының ғимараты бүгінде жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Балалардың сапалы білім алуы үшін қажетті техникалық базамен қамтамасыз ету — ең басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта мектеп ғимаратына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Аудан басшысы аралау кезінде мектептегі жөндеу жұмыстары сапалы жүргізілуі керектігін айтып, сала басшыларына бақылауға алып, тиісті жұмыстарды уақытылы атқаруды тапсырды.

Мұнан соң Мыңшұңқыр ауылындағы 4 қабатты 32 пәтерлі тұрғын үй құрылысымен танысты. Мердігер «NK Bullding» ЖШС-нің жеке қаржысы есебінен салынып жатқан тұрғын үй жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Қоғам, Қарғалы ауыл округтерінде жыл сайын көтерілетін өзекті мәселелердің бірі — шаруаларға ағын суды уақытылы жеткізу. Осы мақсатта аудан басшысы «Қызыл Ту» насос стансасында болып, ауыл шаруашылығы саласындағы жұмыстарды пысықтады. Бүгінде шаруаларға ағын су тұрақты берілуде. Ағын су деңгейі төмендеген жағдайда 6 насос қосылуға дайын.

Аудан әкімі ауданға келетін ағын су деңгейін бақылауға алып, қажетті су көлемін ұстап тұруға тиісті шараларды атқаруды жауапты сала басшыларына тапсырып, аталған жұмыстар өз бақылауында болатынын жеткізді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin