Түркістан облысы: Отырар ауданының жаңа әкімі бір күнде бірнеше жұмыстың басы-қасында жүр

Сонымен, әуелі аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бүгін кезектілік тәртібімен жазылған тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Тұрғындар аудан әкіміне өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.

Келушілердің басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегі, газдандыру жұмыстары, инфрақұрылым жүргізу мәселелерін көтерсе, бірі жеке мәселелері бойынша да көмек көрсетуді сұрады.

Аудан басшысы жұмыссыздық мәселесі бойынша мамандықтарға сәйкес сұраныс болған жағдайда бос жұмыс орындарына кезектілікпен жіберілетіндігін түсіндірді. Сондай-ақ, кейбір азаматтарға қоғамдық жұмыс арқылыда жұмыс жасауға мүмкіндік барын жеткізді.

Мұнан бөлек, басқа да мәселелер бойынша да тиісті заңдылықтарға сәйкес жұмыстар жасалатынын айтып, бұл бойынша аудан әкімі жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Мұнан соң бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы көпбалалы аналарды қабылдап, оларға салтанатты түрде «Күміс алқа» белгілерін табыстады. Марапаттау рәсімі барысында аудан басшысы аналарды лайықты наградалармен құттықтап, әйелдердің қоғамдағы орны туралы айтып өтті.

Ол өз сөзінде: «Көпбалалы ана – бұл мемлекеттің алтын діңгегі. Өмірдің барлық жағдайында ата-ана тәрбиесінің орны орасан зор. Балаға ананың қамқорлығын, жылуы мен мейірімін ешбір адам баласы бере алмайды. Қоғамда көпбалалы аналарға көрсетіліп жатқан қамқорлық жыл санап артып келеді. Сіздермен өмір басталады. Сіздер барда, әлем бар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін ақ жаулықты аналар, оның ішінде көпбалалы қыз-келіншектер көп болғай. Әрбір шаңырақта татулық, береке, ырыс-ынтымақ болсын», — дей келе, сый-сияпаттарын табыс етті.

ҚР Президентінің 2024 жылғы 20 маусымдағы №582 Жарлығымен «Күміс алқа» белгісін алған ең жас ананың бірі — Гүлназ Сарбаева. Ол Балтакөл ауылында тұрады. Жолдасы ауылдық ауруханада кіші қызметкер болып жұмыс атқарады. Көпбалалы ана нәзік жандыларды арнайы қабылдап, құрмет көрсеткен аудан басшысына аналық алғысын айтып, ризашылығын жеткізді.

Бүгінде Отырар ауданында 82 батыр ана, «Алтын алқа» орденімен марапатталған 680 ана, «Күміс алқа» орденімен марапатталған 1265 ана, І-ІІ дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 150 ана бар.

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының кезекті жұмыс сапары Темір ауыл округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы елді мекендегі бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралап, өзекті мәселелермен танысты. Алдымен «Темір» жалпы білім беретін мектебінің материалдық-техникалық базасымен танысып, білім беру ұйымының жаңа оқу жылына дайындығын пысықтады.

1981 жылы салынған оқу ордасы бірнеше рет өз түлектерін түлетіп, есімі елге белгілі тұлғалы азаматтардың шығуына себепкер болған. Аталған білім ұясынан қанаттанып шыққан жастар бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосып келеді. 40 жылдан аса тарихы бар мектеп қазіргі уақытта заман талабына сай жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Осы мақсатта Түркістан облыстық білім басқармасына ұсыныс енгізіліп, ағымдағы жылы орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Аудан әкімі мектептің жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізу керектігін ескертіп, жаңа оқу жылына дейін мерзімінде аяқталуын қадағалауды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Мұнан соң елді мекендегі «Алпамыс» бөбекжай-бақшасының жай-күйін көріп, мектепке дейінгі білім беру ұйымындағы жұмыстармен танысты.

2016 жылы салынған балабақшада 20 педагог жұмыс істейді. Жалпы 140 баланы қамтитын мекемеде балаларға қажетті барлық жағдай жасалған. Балабақша қызметкерлерін толғандырып келген мәселенің бірі ғимараттың төменгі жертөлесінде жиналған ызасуды азайту. Аталған мәселені ауыл тұрғындары бұған дейін де бірнеше рет көтерген болатын.

Аудан әкімі көтерілген мәселенің маңыздылығын айтып, жауапты сала басшыларына шешу жолдарын тауып, заң аясында тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудандағы өндіріс орындарын аралап, инвестициялық жобалардың директорларымен де кездесті.

Аудан басшысы алдымен «ЗАРЕЧНОЕ» бірлескен кәсіпорны АҚ-ның Темір өндірістік базасында болып, өндіріс орнының жұмыс барысын аралап көрді.

Аралау кезінде бас директор Қанат Нұржанов уранды жерасты ұңғылап шаймалау әдісі арқылы өндіру технологиясын дамыту бағытындағы жоспарларымен бөлісті.

Аудан әкімі өндірісте ең басты мақсат қоршаған ортаның тазалығы мен азаматтардың қауіпсіздігін сақтау екенін айтып, экологиялық қауіпсіздік шараларын басты назарда ұстау керектігін атап өтті.

Мұнан соң аудандағы «Шәуілдір» күн электр станциясының жұмысымен танысты.

Италияның «Plenitude» компаниясының инвестициясы есебінен салынған бұл маңызды нысан – аталған компанияның Қазақстан Республикасы аумағындағы алғашқы күн электр станциясы. Қуаты 50 МВт электр станциясы «Plenitude» компаниясының құрылысын компанияның еншілес кәсіпорны «Arm Wind» ЖШС жүргізген. 93 мыңнан астам күн панелі мен қосалқы электр станциясы іске қосылған. Бұл тораптар ұзындығы 7,5 шақырым электр тасымалдау желісі арқылы жергілікті желіге біріктірілген.

Аудан басшысы өңіріміздің дамуындағы маңызды қадамдардың бірі болған күн электр станциясының Отырар ауданы үшін маңыздылығын атап өтіп, заманауи жобаның игілігі арта беруіне тілектестігін білдірді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin