Түркістан облысында бидай алқабына орақ түсіп, егін жинала бастады

Аграрлы Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілген-ді. Оның ішінде жаздық дақылдар – 497 мың гектарға, күздік егіс – 202 мың гектарға, ал ескі жоңышқа 175 мың гектарға егілген.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Қазығұрт ауданына барып, осы саладағы жұмыстарды бақылады. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің егіс алқабын аралап, бидай ору барысын көрді, шаруалармен һәм сала басшыларымен пікір алмасты.

Егістік басында Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов пен Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаиловтың есептері мен баяндамалары тыңдалды. «Қазығұрт Агро» ЖШС-нің басшысы Ержан Көбеев биылғы жұмыстары туралы тарқатып айтып берді. 483 гектар жердің 350 гектарына бидай егілсе, қалғанына өзге өсімдіктер егілген. 4 адам тұрақты жұмыспен, 10 адам маусымдық жұмыспен қамтылған.

Облыс басшысы Түркістан облысының негізгі драйверлерінің бірі ауыл шаруашылығы саласы екенін атап өтті. Су үнемдеу технологияларын енгізу, жаңа тәсілдерді қолдану, егістікті әртараптандыру, жұмысты жүйелеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелері бойынша ой қозғап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.

Жауаптылардың сөзінен ұққанымыз, биыл Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 29,7 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінген. Бүгінгі күнге 12,6 мың тонна дизель отыны тауар өндірушілерге босатылды. Сондай-ақ жиын терім жұмыстарына 23,3 мың тонна жанар-жағармай бөлінді, босату жұмыстары 1 аптада басталады.

88,3 мың тонна тыңайтқыш құнын субсидиялауға облыстық бюджеттен 7 миллиард теңге қаржы бөлінді. Сатып алынған отандық тыңайтқыштар құнының 60 %-ы, шетелдік тыңайтқыштардың 50 %-ы субсидиялануда. Шаруалар жаздық дақылдардың тұқымымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажетті 7,8 мың тонна масақты дақыл, 1,5 мың тонна мақсары, 2,6 мың тонна мақта және 1,5 мың тонна жоңышқа, 0,9 мың тонна жүгері тұқымдары пайдаланылды. Тұқым шаруашылығы қолдауға облыстық бюджеттен 600 миллион теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге 122 миллион теңгеге мақта, жүгері тұқымдары субсидияланды.

Облыстың климаттық ерекшелігіне орай, республикада алғашқы болып 282 мың гектарға егілген астықты ору науқаны басталды. Гектар түсімділігі 19 центнер болып, 534 мың тонна дән жинау күтіліп отыр. Бүгінгі күнге жоспарланған егіс көлемінің 39 мың гектары орылып, 80,0 мың тонна астық қамбаға құйылды.

Айта кетейік, биыл 3,1 миллион тонна көкөніс, бақша, картоп өнімдері жиналады деп күтіліп отыр. Бүгінгі күнге 740,0 мың тонна өнім жиналды. Атап айтқанда, 418 мың тонна көкөніс, 113 мың тонна бақша, 206 мың тонна картоп және 3,0 мың тонна жеміс-жидек теріп алынды.

Расын айту керек, Түркістан облысының қолайлы ауа райы ауыл шаруашылығы өнімдерін жыл бойы өсіруге мүмкіндік береді. Өңір халқы да ауыл шаруашылығына әбден машықтанған. Мәселен, 2024 жылдың 6 айдағы көрсеткіші бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң өсім байқалады. Түркістан облысында жыл басынан бері өнім көлемі 216,9 миллиард теңгені құрап, өсім 107,1%-ға жетті. Бұл республикада жоғарғы көрсеткіш саналады.

578,5 мың тонна ет және сүт өнімі жиналды. Нәтижесінде мал шаруашылығының өнім көлемі 171,2 миллиард теңгені құрап, өсім 106,9%-ды көрсетті. Оның ішінде, 139% – Сайрам ауданының, 132% – Қазығұрт ауданының, 125% – Кентау қаласының үлесінде.

Облысқа қарасты елді мекендерде егін алқаптарының аумағы ұлғайып келеді. Өнім көлемі де артқан. Биыл 23,6 мың тонна бидай, арпа және бақша өнімі жиналды (105,5%). Егін шаруашылығының көлемі 41,4 миллиард теңгеге жетіп, өсім қарқыны 109%-ға артты. Оның ішінде, Бәйдібек ауданында өсім қарқыны 11,6 есе артса, Қазығұртта – 117%, Шардарада 112,2%-ға жетті.

Өңір басшысы Дархан Сатыбалды ұдайы жауапты сала басшысы мен аудан, қала әкімдеріне өнімділікті арттыруды тапсырып, қадағалап отырады. Кемшіліктерге жол бермеуді, жаңа технологияларды ендіру бойынша жұмысты күшейтуді жүктейді.

Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарына басымдық беріліп, осы бағытта жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде Өңірлік инвестициялық штаб отырыстарына төрағалық етіп, осы саладағы мәселелерді бақылауда ұстап отыр. Сонымен бірге шет мемлекеттердің инвесторларымен тұрақты түрде келіссөз жүруде. Нәтижесінде инвестиция тарту бойынша Түркістан облысы республикада үздіктер қатарынан табылып жүр. Жыл басынан бері Түркістан облысының негізгі капиталына бағытталған инвестиция көлемі 420,8 миллиард теңгені құрады. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,4 есеге артқан. Оның ішінде, 344,3 миллиард теңгені немесе 80%-дан астамын жеке инвестиция құрайды. Өңір капиталына салынған инвестициялардың басым үлесі Түркістан қаласы (35,2%) және Созақ (15,4%), Сайрам (6%), Сарыағаш (5,5%) аудандарына тиесілі. Пайдалану бағыты бойынша негізгі 29% үлесі өнеркәсіп арқылы үйлестірілген. Ол 123,9 миллиард теңгені құрайды. Атап айтқанда, тау-кен өнеркәсібіне 64,1 миллиард теңге бағытталса, өңдеу өнеркәсібіне 25,3 миллиард теңге тартылған. Ауыл шаруашылығының үлесі 28%-ды құрап, 116,4 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде, егін шаруашылығы – 31 миллиард теңге, ал мал шаруашылығы – 21,4 миллиард теңге.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда. Өңірде егін алқаптарына су үнемдеу технологиясын ендіру жұмыстарынан бөлек, осы технологияларды шығару қолға алынған. Атап айтқанда, Түркістан облысында су үнемдеу технологияларын шығаратын жергілікті кәсіпорындар ашылуда. Жыл басында «BNK Group LTD» ЖШС-нің «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты іске қосылды. Бұдан бөлек, тамшылатып суғару жүйесін шығаратын 2 кәсіпорынды іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Еліміздегі су үнемдеу технологиясын шығаратын ең алғашқы зауыт Түркістан облысында іске қосылды. Биыл екінші зауыт жабдықталып, өз жұмысын бастайды. «BNK Group LTD» компаниясы америкалық «Nelson Irrigation» компаниясымен бірлесіп, айналмалы және фронтальды әрекет ететін жаңбырлатқыш машиналар өндірісін іске қосты. Өндірістік техника 3 мың м2 метр аумаққа орналастырылды. «BNK Group LTD» ЖШС-ның құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын «Жылына 1000 дана жаңбырлатып суғару машиналарын шығару» зауыты Түркістан қаласында орналасты. Осы кәсіпорынның 50 мың гектарды, «Тұран су» мекемесінің жылына 9 мың гектарды тамшылатып суғару жүйесін өндіретін кәсіпорындары маусым айында іске қосылады. «Инвестициялық субсидия» бағдарламасы аясында су үнемдеу технологиясын енгізу шығынының 50%-ын өтеу, жергілікті бюджет есебінен өтеу үлесін қосымша 30%-ға ұлғайту қарастырылған. Су жинауға мүмкіндік беретін бірқатар су нысандарының құрылысы басталып, пайдалануға берілді. Атап айтқанда, «Түркістан магистралды каналының» ұзындығы 59 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Соның нәтижесінде 60 млн текше метр су үнемделді. «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, 31 миллион текше метр су Түркістан қаласы аумағына жеткізілді. Бұдан бөлек «Бәйдібек ата» су қоймасы салынып жатыр. 68 миллион текше метр су сиятын жобаның құны 15,9 миллиард теңге. Келесі жылы «Боралдай» су қоймасы құрылысын бастау көзделген. 50 миллион текше метр су сиятын су қоймаға 13,8 миллиард теңге қажет. Аталған жобалар қосымша 113 миллион текше метр суды жинауға мүмкіндік береді. Түркістан өңірінде су шығынын азайту технологиясы 32 298 гектарға енгізілді. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 873 мың гектарға егілді. Сұранысқа байланысты түсімі жоғары дақылдарға басымдық беріліп отыр. Атап айтқанда, масақты, малазықтық дақылдар, көкөніс, картоп, бақша дақылдары 3 мың гектарға артты. Мақта дақылын 11 мың гектарға, майлы дақылдарды 6 мың гектарға азайды. Тәжірибе ретінде 3000 гектардан астам алқапқа мақта жаңа әдіспен егілді. Бұл технология су, энергия, еңбек ресурсын, минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан кемінде 60 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Түсім облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары. Алдағы 5 жылда мақта 41,4 мың гектарға, күріш 1,2 мың гектарға азайып, жүгері, бұршақты, малазықтық дақылдарға алмастырылады. Су үнемдеу технологиясы өсімдікке қоректі тікелей беріп, су мен тыңайтқыш шығынын айтарлықтай азайтады. Шаруа жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады. 

Агроөнеркәсіптік кешенінің алдына қойған міндеттерді орындау – ағын суды тиімді пайдалануға тікелей байланысты. Су тапшылығы бүкіл әлемде өсіп келе жатқан алаңдаушылық тудырады. Жаһандық жылыну процесі, жауын-шашын мөлшерінің азаюы, су ресурстарының дұрыс бөлінбеуі, ысырапшылдық сияқты факторлар алдағы уақытта мәселені еселеп арттыруы мүмкін. Осыған орайда, ауыл шаруашылығында су үнемдеу әдістері мен технологияларына кешенді көшу шаралары қабылдануда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы «Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Тұжырымдамаға сәйкес елімізде ылғал үнемдеу технологияларын 1,4 миллион гектарға ендіру қарастырылған. Оның ішінде Түркістан облысы үлесі 16 % немесе 216,3 мың гектарды құрайтын болады. Қазіргі таңда, Түркістан облысында ылғал үнемдеу технологиялары 32,3 мың гектарға орналастырылған.

Су үнемдеу технологияларын ендіріп, өнімділікті арттыруда Мақтаарал ауданында «Хамро-Ата» шаруа қожалығы өз үлесін қосуда. Қытайлық «Peng Seng» компаниясымен бірлесіп,

осы елдің тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, 310 гектар егістік алқапқа мақта дақылын егуде. Жобаның жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды, қаражат Абдужалил Боев басшылық жасайтын шаруа қожалығына тиесілі. Тартылған инвестициялық көлемі — 500 миллион теңге. Жобаның ерекшелігі — дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын суды 50% үнемдей отырып, өнімділікті 60-70 центнерге арттырады.

Қазіргі таңда, жалпы аудан бойынша ағымдағы жылы 2000 гектарға су үнемдеу технологиясын ендіру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 500 гектар мақта, 346 гектар қырыққабат, 793 гектар бақша және жаңбырлатып суғару технологиясымен 30 гектар жоңышқа егіледі. Бүгінгі таңға орындалғаны 1281 гектарды құрап отыр.

Қазақстандық талшық сапасының төмендігінен әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жоғарыда аталған технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Су үнемдеу технологияларының тиімділігі — өсімдіктерге қажетті суды тікелей беріп, суды, суда еритін тыңайтқыштарды айтарлықтай үнемдеуді қамтамасыз етеді, персоналдың жұмысын жеңілдетіп, өнімділікті 2-3 есе арттырады.

Тамшылатып суару жүйесінің тағы бір артықшылығы — тегіс жерлер үшін де, биіктік айырымдары бар аумақтар үшін де жарамды, жерді тегістеу бойынша артық жұмыстарды атқарудың қажеті жоқ.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Түркістан облысына 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын 216,3 мың гектарға енгізу жоспарланған. Биыл жаңадан 22,0 мың гектарға су үнемдеу технологиялары орналастырылады. Жарты жылда 11,2 мың гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілді. Су үнемдеу технологияларының қол жетімділігін арттыру бағытында жергілікті 2 кәсіпорын іске қосылды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin