Түркістан облысы: Биыл Сауран ауданында 15 мың тонна астық жинау межеленіп отыр

Түркістан облысында егін алқаптарының көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл – өңірде мемлекеттік бағдарламалардың сәтті жүзеге асуының нәтижесі.

Биыл Сауран ауданы бойынша 43 798 гектар жерге егін егілді. Оның ішінде, астық дақылдар 4288 гектарды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,7%-ға артып отыр.

Бүгінде аудан көлемінде астық дақылдарының 87%, яғни, 3734 гектар жерге егілген бидай орылды. Орташа өнімділігі 30 центнерді құрады. Нәтижесінде, 12 480 тонна өнім жиналды. Осылайша, диқандар шілде айының соңына дейін астықты толығымен орып, 15 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр.

Шаруалар жиналған өнімнің бір бөлігін 2025 жылы егілетін астық дақылдарының тұқымына қалдырмақ. Қалған бөлігін мал азығына және аудан тұрғындарының қажеттілігіне сатылымға шығарады.

Атап өтер жайт, Түркістан облысында егіннің 90%-ы жиналды. Ағымдағы жылы өңірдің аграрлары 282 мың гектар бидай мен арпа септі. Мамандардың болжамына сәйкес, 2024 жылы егін жинау көлемі өткен 2023 жылғы көрсеткіштерден асып түседі.  

Ағымдағы жылы Түркістан облысы республикада бірінші болып астық жинауды бастады және көптеген аудандарда астық қоймаларға сақтауға төгілді. Келесі кезекте таулардағы егістік алқаптарын жинау науқаны тұрғаны хабарланды. Мысалы, Қазығұрт ауданында ағымдағы жылы 350 гектар егілді, онда гектарынан 20-25 центнерден өнім алу жоспарлануда. Жинауды ақаусыз техникамен 10-15 күн ішінде аяқтау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Түлкібас ауданында егін жинау науқаны қызу жүріп жатыр, онда егіннің жартысынан көбі жиналды. 2024 жылы аудан егістіктері бидай, арпа және бұршақ дақылдарымен егілді, олардың 100 гектары сәтті егілді. Шаруа қожалығының төрағасы Бақтияр Тілепалдиев ағымдағы жылы бұл жерде ауа райы қолайлы болғанын айтты.

«Жауын-шашын көп болды, қазір біз гектарына 30 центнерден астық алудамыз. Техника да іске қосылды. Егін жинау науқанын сәтті аяқтаймыз деп үміттенемін», — деді Бақтияр Тілепалдиев.

2023 жылы Түркістан облысында 466 мың тонна астық жиналды, ал ағымдағы жылы 700 мың тоннадан астам астық жинау жоспарлануда.

«Бүгінде өңірде 624 мың тонна астық жиналды. Өнімділік жақсы: 17 центнерден ол 25 центнерге дейін өсті. 30 центнерден егін алған фермерлер бар. Қазіргі уақытта Түлкібас, Бәйдібек, Сайрам және Төлеби аудандарында жұмыстар аяқталмай қалды. 2 апта ішінде астық жинау толығымен аяқталады», — деді Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов.

Жақында аймақта басқа да дақылдарды жинау басталады деп хабарланады. Биыл Түркістан облысында көкөніс, бақша дақылдары мен картоптан 3,5 миллион тонна өнім алу жоспарлануда.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin