Түркістан облысының құрылуына және Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесінің берілуіне байланысты, көптеген нысандар Түркістан облысының балансына өткен болатын. Алайда, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдау мақсатында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков бірқатар маңызды нысандарды қайта қаланың коммуналдық меншігіне қайтару бойынша келіссөздер жүргізді.
Жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының әкімдіктері арасында арнайы Жол картасы әзірленді. Қазіргі уақытта, оның алғашқы кезеңі аясында 7 нысанды мегаполистің коммуналдық меншігіне қайтару жұмыстары басталды. Олардың ішінде Тәуке хан даңғылы мен Республика даңғылындағы әкімшілік ғимараттар, Әл-Фараби алаңындағы кітапхана, Қазыбек би көшесіндегі облыстық филармония, үш тілде оқытатын Маржан Тасова атындағы мамандандырылған мектеп-интернат және Абай ауданындағы темір жол желісі бар.
Келіссөз барысындағы шаралар қала бюджетіне түсетін салмақты азайтуға және үнемделген қаржыны Шымкент қаласының дамуына бағыттауға мүмкіндік береді. Орталық саябақта орналасқан «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты да қаланың коммуналдық меншігіне беріледі деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, Шымкент қаласында орналасқан облыстық мекемелер Түркістан облысындағы жаңадан салынып жатқан ғимараттарға көшіріліп, босатылған нысандар қала балансына біртіндеп берілетін болады.
Айта кетейік, бұған дейін «Кең баба» атындағы отбасылық саябақ мемлекет меншігіне қайтарылды. Сот шешімімен жалға беру шартының күші жойылды. Себебі демалыс орнын жаңғыртуға бағытталған жобалар жүзеге аспай, жер учаскесі талан-таражға түскен. Сондай-ақ, заңсыз берілген жер учаскелері мен объектілерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстарды қарқынды жалғастыру нәтижесінде «Қиял әлемі» саябағы да мемлекетке қайтарылған-ды. «Мұз сарайы» ғимараты да коммуналдық меншікке өтті.