Шымкент қаласының әкімі халықаралық іскерлік байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады

Loading

Шымкент қаласының халықаралық инвестициялық және іскерлік байланыстары кеңейіп, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы бағытта қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының (ACIK) президенті Марко Береттамен кездесті.

Кездесу барысында тараптар экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, италиялық компаниялармен іскерлік байланыстарды нығайту және бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын талқылады. Әсіресе, Шымкенттің халықаралық көлік-логистикалық жүйедегі орны мен транзиттік әлеуетін арттыру мәселесіне назар аударылды.

Қала әкімі Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) аясында логистика мен көлік қатынасын дамыту үшін Шымкенттің географиялық орналасуы тиімді әрі әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар шаһардың транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтіп, халықаралық сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі дамытуға жол ашпақ.

Кездесудің маңызды бағыттарының бірі инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту болды. Атап айтқанда, қайта өңделген шикізатты, оның ішінде пайдаланылған майларды пайдалану арқылы тұрақты авиациялық отын (SAF) өндіру жобасын іске асыру перспективалары қарастырылды. Мұндай бастамалардың жүзеге асуы заманауи технологияларды енгізуге, өндірістік әлеуетті арттыруға және экологиялық тұрғыдан тұрақты экономика қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге тараптар туризм және мәдениет салаларындағы өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады. Жуырда Шымкентте италиялық «Donna Avventura» туристік жобасының түсірілімдері ұйымдастырылған болатын. Осыған байланысты Ғабит Сыздықбеков Марко Береттаға Шымкенттің туристік әлеуетін Еуропада кеңінен танытуға көрсеткен қолдауы мен қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

Кездесу барысында Шымкент пен Милан қалалары арасында тікелей әуе қатынасын ашу мәселесі де сөз болды. Бұдан бөлек, Италия-Қазақстан сауда қауымдастығының Құрметті консулдығы мен кеңсесін Шымкентте ашу бастамасы талқыланды. Бұл жобалар екі ел арасындағы туристік, мәдени және іскерлік байланыстарды жаңа деңгейге көтеруге қосымша мүмкіндік бермек.

Ғабит Сыздықбеков қала әкімдігі заманауи технологиялар мен инновацияларға, ресурстарды тиімді пайдалануға негізделген жаңа өндірістерді орналастыруға және перспективалы инвестициялық жобаларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Шетелдік серіктестермен өзара тиімді әріптестікті дамыту мен халықаралық іскерлік байланыстарды кеңейту Шымкент экономикасының жаңа бағыттарын қалыптастыруға, заманауи өндірістер ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға және мегаполистің инвестициялық тартымдылығын одан әрі арттыруға мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You