Бүгін Түркістан қаласының білім ордаларында АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ соғылды. Жаңа оқу жылының басталуына орай Мағжан Жұмабаев атындағы мектеп-гимназиясында ұйымдастырылған салтанатты шараға қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы қатысты.
Биылғы оқу жылында 76 мектептің 1-сыныбына 6 мың оқушы қабылданды.
Нұрбол Әбдісаттарұлы өз уақытын аямаған, өзгенің бақытын аялаған ұстаздар қауымына алғысын білдіре отырып, оқушылар мен ата-аналарға құттықтауын арнады.
— Адамның ғана емес, әлемнің дамуы — терең білімнен. Баланы жетектеп, оның зейінін ашып, үлкен өмірге дайындау — үлкен жауапкершілік пен үздіксіз ізденісті талап ететін еселі еңбек. Руханият төрі — Түркістан келешекте ғылым мен ілімнің ордасына айналады деп сенемін. Балаларымыз зерек, ақылды, зерделі болсын, — деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Сонымен қатар, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, облыстық әжелер алқасының мүшесі Ұлжан Мұстафаева жас ұрпаққа ұлағатты сөздерін арнады.
Нұрбол Әбдісаттарұлы оқушыларға алғашқы оқулығы — ӘЛІППЕНІ табыстады.
1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша жаңа оқу жылын қала мектептері 52 668 оқушымен бастады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.