Шымкентте 12 шақырым су құбыры жаңартылды

Шаһарда тозығы жеткен су құбыры желілері инвестициялық бағдарлама аясында жаңартылуда. Осы жұмыстардың орындалу барысын бақылау бойынша кезекті баспасөз-туры ұйымдастырылды. Шымкент қаласы бойынша табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Кенжеболат Көшекбаев, «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бақтияр Қыдырбаев БАҚ өкілдеріне атқарылған жұмыстарды баяндады.

Шымкент қаласының әкімдігі және Табиғи монополияларды реттеу департаментінің бірлескен бұйрығымен «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС инвестициялық бағдарламасы бекітілген болатын. БАҚ өкілдері, қоғам белсенділері алдымен Еңбекші ауданы, 17 шағынаудандағы диаметрі 150 мм және 300 мм су құбыры желілерін қайта құру жұмыстарының барысын бақылады. «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Бақтияр Қыдырбаевтың айтуынша, су құбыры желісінің 89 пайыз тозуына байланысты мұнда апаттар жиі орын алған. Қазіргі таңда 1860 метр су құбырын ауыстыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Мердігер компания құрылысты қараша айының ортасына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы, Тәжібаев (Адырбеков көшесінен Шәймерденов көшесіне дейінгі) көшесіндегі диаметрі 300-ден 160-қа дейінгі су құбыры желісін қайта құру жұмыстары атқарылуда. Аталған желі 1962 жылы өткізілген. Мұнда да желінің 91 пайыз тозуына байланысты апаттар жиі орын алған. Аталған нысанда 1360 метр су құбыры ауыстырылады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы орындалды.

Бақтияр Қыдырбаевтың мәліметінше, биыл қалада 15 шақырым су құбырын ауыстыру көзделген. Бүгінде 12 шақырым су құбыры желілері жаңартылды.

Айта кетсек, инвестициялық бағдарламаны іске асыру нәтижесінде нормативтік шығындар 17,37 пайыздан 17,12 пайызға төмендейді. Апаттар саны 2023 жылмен салыстырғанда пайыздық мәнде 1,5 пайызға азаяды. Суды тасымалдау бойынша тозу деңгейі 57,65 пайыздан 56,5-ға дейін төмендеу күтілуде.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin