Шымкент қаласында алғаш рет №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында госпитальдық фармация бөлімшесі ашылды. Бөлімшенің ашылу салтанатына Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков пен аурухана дәрігерлері қатысты.
№2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында қолға алынған бірегей жобаның берері мол. Өйткені мұндай жоба бұған дейін бірде-бір медициналық мекемелерде енгізілмеген екен. Жалпы, Түркістан облысының өзінде госпитальдық фармация атауымен бөлімшелер жоқ.
Бұл жоба дәрігерлердің тағайындауы бойынша дәрілік заттарды уақытылы және сапалы дайындау және буып-түюге айтарлықтай көмегін тигізбек. Қажетті дәрілерді медициналық ұйымның клиникалық бөлімшелеріне жеткізу жұмысы айтарлықтай жеңілдейді. Одан бөлек, дәрігердің тағайындауы бойынша пациенттер пайдаланатын дәрілік заттардың дербестендірілген есебін жүргізу де оңтайландырылатын болды. Негізі бұл процесс бүкіл әлемде бұрыннан қолданылып келеді.
Сондай-ақ халықаралық талаптардың біріне айналған жобаның пилоттық
кезеңінде шығындарды азайту көзделіп отыр. Себебі бюджет қаражатын үнемдеу, сондай-ақ медициналық препараттарды пайдалануды бақылау, дұрыс емес тағайындауларды барынша азайту көзделген. Өйткені әрбір тағайындау бүге-шүгесіне дейін қайта тексеруден өтеді. Яғни науқастың жасы, салмағы, қарсы
көрсеткіштері мен тәуліктің дозасы секілді т.б. параметрлер бойынша қайта бақылау жүргізіледі. Бұның барлығы бөлімшеде қызмет атқаратын 26 маманның бақылауында болмақ. Алдын ала есептеулер бойынша №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында бюджет 20 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді деп жоспарланған.
«Денсаулық сақтау саласын цифрландыру – басқарманың басты мақсаттарының бірі. Өйткені, препараттарды пациенттерге жеткізуді орталықтандырып, жүйені цифрландыру уақыт талабына айналып отыр. Науқасқа берілетін дәрі-дәрмек мөлшері де автоматты түрде қадағаланып отырады. Бөлімнің бірегей тұсы да осы, дәрі-дәрмекті ысырап қылмай, артық шығынның алдын алу. Сондай-ақ қате дәрі-дәрмек тағайындау қаупі әжептәуір азаяды. Қала әкімі Ғ.Әбдімәжитұлының тапсырмасымен дәрі-дәрмекке бөлінетін бюджетті үнемдеу және тиімді пайдалану қолға алынған. Осыған байланысты іс-жоспар да жасалынды. Яғни, биылғы жылы Шымкент қаласында 6 медициналық ұйым ашу жоспарланған,- дейді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Айта кету керек, госпитальдық фармация бөлімшелерін ашу мекеменің өз бюджетінен жасалынған.