Шымкент қаласында сәуір айынан бері өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған шараға 230 мыңға жуық тұрғын, 2301 өндірістік және кәсіпкерлік нысан, сондай-ақ 687 әлеуметтік мекеме қатысты.
Акция барысында 10 170 бірлік техника жұмылдырылып, 18 мың тоннадан астам тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл жұмыстарға күн сайын 2000-нан астам жұмысшы мен 150 арнайы техника тартылды. Қала тұрғындары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен ерікті жастар белсенді түрде атсалысты.
«Таза Қазақстан» акциясы қала тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған әрі жыл соңына дейін жалғастырылады. Сондай-ақ, 21 қыркүйекте әлем бойынша атап өтілетін “World Cleanup Day” акциясы республика көлемінде ұйымдастырылады. Ермахан Қозыбаев барлық азаматтарды акцияға белсене қатысуға және қоршаған орта тазалығына өз үлестеріңізді қосуға шақырды.
Айта кетейк, «Таза Қазақстанның» аймақтарда сапалы жүзеге асуына әкімдер тікелей жауапты. Бұл туралы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат атсалысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды.
Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруге тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.