Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен жиын өтті. Аппарат мәжілісіне аудан әкімінің салалық орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының басшысы, ауылдық округтер мен кент әкімдері қатысты.
Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе жылу беру маусымына дайындық шаралары талқыланды. Ол бойынша аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дәулет Құдайбергенов хабарлама жасап, жұмыс барысына жан-жақты тоқталды.
Сонымен қатар, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Райымқұлов бөлімнің атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері жөнінде баяндады.
Аудан басшысы күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бұған дейін жылуға қатысты қойылған талаптарды егжей-тегжейлі талқылап, жүктелген тапсырмаға немқұрайлы қараған жауаптылардың мәселесі қаралатынын қатаң ескертті.
«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, көмірмен қамту жұмыстары Түркістан облысында жаз кезінен бастап қолға алынды. Алдағы жылыту маусымына халық ерте қамдануы үшін қажетті қатты отын қоры жинақталған. Әлеуметтік нысандардың қысқы қор жинау жұмысы қарқынды. Алайда тұрғындар мен жылыжай иелері тарапынан белсенділік байқалмайды. Облыстың 2024-2025 жылдарға жылу маусымына дайындық және көмірмен қамту барысы туралы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте де талқыланды.
Алдағы жылыту маусымына қажетті көмір көлемі – 700,9 мың тонна. Осы күнге қамтылғаны – 157 мың тонна. Өңірде 23 теміржол тұйығы бар. 23 өңірлік оператор қызмет көрсетеді. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларындағы бюджеттік мекемелер қажетті қатты отын қорын жинақтауда. Тұрғындар қажеттілігі – 318,1 мың тонна, жылыжайлар қажеттілігі – 282,9 мың тонна.
«Шұбаркөл Көмір» АҚ мен Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары арасында 150 мың тонна қатты отын жеткізуге тікелей келісімшарт жасалған. Бұл келісім Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің өкілдері, Түркістан облысы әкімдігі, жылыжай шаруашылықтары, көмір жеткізу жөніндегі өңірлік операторлар, көмір кәсіпорындары және «ҚТЖ» ҰК» АҚ өкілдерімен бірнеше рет жүргізілген келіссөздер нәтижесінде қол жеткізілді.
Жеткізу 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталды. Жылыжай иелері осы күнге дейін 100 000 тонна тасымалдау қажет болған. Алайда тасымалданбаған. Бұл туралы мәжілісте облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов мәлімдеді. Өндірушінің өзінен тікелей өнім алатын өңірлік операторлар халықпен тікелей жұмыс істеп жатыр. Көмір сатылымы ерте басталғанымен, халық тарапынан да белсенділік болмай тұр. Қысқа ерте қамдануды халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Облыс әкімі барлық жауапты басшылар мен аудан, қала әкімдеріне бұл бағыттағы жұмыстарды ширатуды тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.