Түркістан облысы көлемінде биыл 1 100 шақырымнан астам жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі

Бұл туралы брифингте Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев мәлімдеді.

Спикердің сөзінше, 2024 жылы облыс көлемінде 1 100,3 шақырым жол мен көшелерге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүреді. Ал, жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым жол пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

— «Қазіргі таңда облыстық маңызы бар 368,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүруде. Ал аудандық маңызы бар 97,3 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондай-ақ, елді мекендердегі 630,6 шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылуда. Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы — техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, Ұлттық сапа орталығының Түркістан облыстық филиалының тұрақты бақылауында. Сондай-ақ, басқарманың шаруашылық жүргізу құқығындағы «Оңтүстік жолдары» мекемесі жыл бойына облыстық маңызы бар автомобиль жолдарын күтіп ұстау жұмыстарымен айналысады. Кәсіпорынға 39 бірлік арнайы техника бекітілген және 174 қызметкер жұмыс істейді», — деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, 2024 жылы көктемгі жауын салдарынан Сауран ауданында Бабайқорған-Кентау бағытындағы 2 көпірді су шайып, 1 көпір апатты жағдайға жеткен болатын. Басқарма тарапынан қалпына келтіру жұмыстары атқарылып, көпірлер толық пайдалануға берілген.

Айтса – айтқандай, өңірде жол құрылысының сапасы қатаң бақылауда тұр. Атқарылып жатқан жұмыстардың нормативтерін қатаң сақтап, сапасыз жұмыстардың (асфальтобетон жабыны қалыңдығының жетіспеуі, а/б ұшуы, шашылуы және тағы басқа) алдын алу мақсатында жол жабынына тұрақты түрде сараптамалар жүргізілуде. Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов салаға жауапты басшылардың басын қосып, осы саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Сапаны назарда ұстамаған, жұмыс барысында орын алған кемшіліктерді қалпына келтірмеген аудан, қала басшылары мен жауапты тұлғаларын сынға алып, тиісті тапсырмалар берді.

Нысандардағы жұмыстар мен қолданылып жатқан материалдардың сапасы техникалық қадағалаушы мекемелерден бөлек, «Жол активтері сапасының Ұлттық орталығының» тұрақты бақылауында. Кәсіпорынның ISO 17025 және ILAC стандарттары бойынша аккредиттелген зертханалармен жабдықталған филиалдары бар. Бұл ретте жұмыс автожол жобаларында қолданылатын сапаны бақылаудың қолданыстағы бес сатылы жүйесіне біріктірілген. Сапаны бес сатылы бақылау қағидатын сақтау автожол жобаларының сапасын, олардың барлық құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкестігін, сондай-ақ пайдаланудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді.

Жол құрылысы бойынша алынған сынамалар бірқатар кемшілікті анықтап берген. Бүгінде оларды жою үшін жұмыстар жүргізілуде. Анықталған ақаулар қалпына келтіріліп жатыр.

Биыл Түркістан облысындағы автомобиль жолдарын жақсартуға бюджеттен 37,6 миллиард теңге қаржы бөлініп, құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы ұзындығы 1100,3 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер немесе 244 нысанды қамту жоспарланып отыр. Жыл қорытындысына сәйкес 546,6 шақырым болатын 149 нысан пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 368,1 шақырымды құрайтын 34 облыстық маңызы бар жолдар құрылыс-жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Жыл соңына дейін 19 нысан немесе 163,6 шақырым жол, 4 көпір, 4 құбыр пайдалануға берілмек.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 702 шақырымды құрайды. Оның ішінде, республикалық маңызы бар жолдар – 723,1 шақырым (нормативтік жағдайы – 95%), облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 5717 шақырым (нормативтік жағдайы – 93%), елді мекендердің көшелері – 11 268,2 шақырым (нормативтік жағдайы – 70%. Елді мекендердегі жөндеуді қажет ететін көшердің жалпы ұзындығы 3380,5 шақырымды құрайды. 2024 жылдың қорытындысына сәйкес жалпы 194,6 шақырым жолды пайдалануға тапсырып, жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-ға жеткізу көзделіп отыр.

Аудандық маңызы бар жолдарды ретке келтіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Осы жылы 19 нысан немесе 97,3 шақырым жол күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтуға қаржы қаралған. Оның 31 шақырымдық 8 нысаны және 4 көпірі жыл соңына дейін аяқталады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin