Биыл бірінші рет «Қазақстан халқы тілдері» күні мерекесі аясында тілдерді оқыту орталықтары арасында «Үздік орталық» байқауы ұйымдастырылуда. Байқаудың мақсаты — орталықтардың жұмысына баға беріп қана қоймай, жұмысын жүйелеп, бағыт-бағдар беру. Сондай-ақ, оларды ынталандыру мақсатында жүлделі 5 орын белгіленді.
Сайысқа қатысуға үміткер орталықтардың өтінімдері 20 тамыз күніне дейін қабылданады. Байқау шарты бойынша орталықтың 2023-2024 жылдардағы жетістіктері, орталық әзірлеген оқу әдісмелік құралдары, оның кадрлық және сапалық құрамы туралы қысқаша анықтамасы, орталықтың материалдық-техникалық базасы, заманауи оқыту құралдарымен жабдықталуы, орталықтың 2023-2024 жылдардағы жұмысы жөнінде ақпаратты құрайтын, Power Point нұсқасында әзірленген, кемінде 50 слайдтан тұратын 5 минутқа дейін таныстырылымның (презентация) бейнежазбасын ұсыну қажет.
Айта кетейік, облыста 17 аудандық, қалалық тілдерді оқыту орталықтары жұмыс істейді. Орталықтарда 22 әдіскер, 33 қазақ тілі, 20 орыс тілі, 27 ағылшын тілі маманы жұмыс істейді. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша тіл оқыту орталықтарында 2805 адам қазақ тілін, 2008 адам ағылшын тілін, 1346 адам орыс тілін оқыды.
Байқау демекші, облыс орталығында «Жазғы самал әуендері» іс-шарасы басталды. Концерттік бағдарлама Отырар тұрғын алабындағы «Жібек жолы» саябағында өтті. «Түркі әлемінің туристік астанасы» атанған тарихи шаһарда осы бағыттағы мәдени шаралар алдағы уақытта әр секторда кешкі уақытта жалғасады деп жоспарлануда.
Мәдени шарада Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары әсем дауыспен талғампаз тыңдарманды қуанышқа бөледі. Қазақтың ұлттық аспаптары мен эстрадалық бағыттағы, сонымен қатар патриоттық жанрдағы әндер шырқалды. «Яссы» би ансамблінің бишілері би билеп, кештің көркін аша түсті.
Табиғаты тамылжыған тамыз айындағы бұл бастамаға шаһар тұрғындарының да қызығушылығы жоғары. Қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астындағы мерекелік кештен ерекше әсер алып қайтты. Ашық аспан астында ән тыңдауға тағы келетіндерін айтып, жылы лебіздерін білдірді.
Тіл туралы айтылған тұста атап өтер тағы бір мәселе, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасына сәйкес «Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-де шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарды кәсіптік және тілдік даярлау орталығы ашылуда.
Кәсіптік және тілдік даярлау орталығы базасында шетелге жұмысқа жолдануға ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы мен Жекеше жұмыспен қамту агенттіктері бірлесе қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау, оларға жалақының мерзімінде төленуі мен медициналық қызмет көрсетілуін және еңбек қатынастарын заңдастыру бойынша кеңестер беру шаралары көзделуде.
Бүгінде «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-мен Түркістан қаласында орналасқан ұйымдармен ынтымақтастық меморандумдары түзілді. Аталған ұйымдар кәсіптік даярлау мен қайта даярлау, шет тілдерін үйрету курстары мен медициналық зерттеуден өткізіп, тиісті қорытынды беретін медициналық ұйым, сондай-ақ, жатын орындарды мен тамақтандыруды ұсынатын қонақ үй ұйымдастырады.
Шетелде жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарды кеңес алуға және шетелге кету алдында дайындық жұмыстарын ұйымдастыру, заңдастыру кезінде туындаған сұрақтар бойынша «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-не шақырамыз.
Мекенжайы: Түркістан қаласы, Құлыншақ ақын көшесі, №90а ғимараты.
Байланыс нөмірлері: +7 777 106 73 88, +7 776 207 0021.
Осы орайда назарар аударар тағы бір жайт, Түркістан қаласында 25 туристік полиция қызметкері жұмыс істейді. Рухани астанаға келуші қонақтар мен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат еткен мамандарға арнайы нысанды киім, құрал-жабдықтар мен қажетті техникалар берілген. Туристік тәртіп сақшылары Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, «Керуен сарай» кешені, Президент саябағы аумағын сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін екі ауысыммен бақылап, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алады. Көмек қажет болған жағдайда жәрдем етеді.
Туристік полицияның қызметіне соңғы бір айда 650-ден астам азамат жүгінген. Мамандардың айтуынша, туристер мен қонақтар «Түркістанда қандай қонақ үйге тоқтауға болады?», «Көші-қон полициясы қайда орналасқан?» және бір нүктеден екінші нүктеге қалай жетуге болатыны жайындағы сұрақтармен жиі келеді.
Айта кетейік, мұндағы қызметкерлер жедел әрекетке дайын жас мамандардан құралған. Олар ана тілімізден бөлек, орыс, түрік, қытай, ағылшын тілдерін және қала тарихын жетік меңгерген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.