Түркістан облысы: Жетісай ауданында «Қоныс аудару» жәрмеңкесі ұйымдастырылды

Жетісай ауданында «Жұмыс күшінің мобильділігін арттыру үшін ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу» бағытында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары өкілдерінің қатысуымен «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті. Аталған шараға 250-ге жуық жергілікті тұрғын қатысып, өздеріне қажетті мәліметтермен танысты.

Түркістан облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Қоныс аудару» жәрмеңкесіне аудан әкімінің орынбасары Серік Пірімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров қатысты.

Жәрмеңке барысында Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан келген делегация мүшелері өңірлердің жай-күйімен, жергілікті азаматтардың тыныс-тіршілігімен, өңірдің перспективасымен таныстырды. Қоныс аударуға ниетті азаматтармен тілдесіп, мемлекет солтүстік облыстарға қоныс аударған азаматтардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде қаржы, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы берілетінін, сонымен қатар қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа тұрғызу, жеңілдікпен баспана алуға көмектесуді міндетіне алатынын түсіндірді.

Түркістан облысы республикамыздағы халқы тығыз орналасқан, жұмысшы күші көп аймақ саналады. 2015 жылдан бері Түркістан облысынан жұмыс күші жетпейтін Солтүстік өңірлерге 3 689 отбасының 14 126 мүшесі қоныс аударған. Бұл республика бойынша қоныс аударушылардың 33 пайызын құрайды.

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің биылғы жылға бөлген 7050 квотасы негізінен Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Абай, Ұлытау және Қарағанды облыстарының еншісінде.

Айта кетейік, мұндай жәрмеңкелер Жетісай ауданымен қатар Мақтарал, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт, Түлкібас, Ордабасы, Сайрам және Бәйдібек аудандарында да өткізілетін болады.

Түлкібас ауданында солтүстік өңір өкілдерімен «Қоныс аудару» бойынша кездесу өтті

Сонымен қатар Түлкібас ауданында да «Аудандық мәдениет үйі» ғимаратында еңбек күшін қажет ететін солтүстік өңірлерге халқы тығыз орналасқан оңтүстік аймақтарынан азаматтарды ерікті түрде көшіру жұмыстары бойынша тұрғындарымен кездесу ұйымдастырылды.

Жалпы 2015 жылдан бергі көрсеткіштерге сәйкес, жұмыс күші аз Солтүстік өңірлерге Оңтүстік аймақтардан жалпы саны 14 874 адам қоныс аударған.

Делегация қатарында Павлодар облысынан «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы, «Успен аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Макатаев Серік Қайргелдіұлы, Ақтоғай ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысы Неғметулла Қолқанат Ерланұлы, Ефремов ауылдық округінің әкімі Гапу Сапаржан Гапуовна және Солтүстік Қазақстан облысынан «Мамлют аудандық мансап орталығы» филиалының директоры Самарханұлы Еркін, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімдігінің «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» КММ-нің басшысының орынбасары Шегебаев Баян қатысып, түлкібастықтарды солтүстік өңірлерге қоныстануға шақырды.

Іс шараға 250 адам қатысып, оның ішінде қоныс аударуға кеңес алғандар саны 30 болса, көшуге ниет білдіргендер саны 8 отбасы болды. Павлодар облыстық «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің директоры Есембаева Меруерт Сейтбекқызы Солтүстікке қажетті жұмыс күш қатарын толықтыру бойынша үгіт-насихат жүргізді.

Мемлекет Солтүстік облыстарға қоныс аударғандардың отбасы мүшелеріне бір рет 70 АЕК (258 440 теңге) мөлшерінде ақша, алғашқы уақытта үй жалдауға қаржы береді. Бұдан бөлек, қысқа уақытқа кәсіби оқуға жіберіп, жұмысқа орналастыруы және жеңілдікпен баспана алуға көмектесуі тиіс. Ал қоныс аударғандарға жұмыс ұсынған жұмыс берушілерге 400 АЕК (1 476 800 теңге) субсидия беріледі.

Кездесу соңында тұрғындар қоныс аудару бойынша кеңестер алып, өздерін толғандырған сұрақтарына жауап алды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin