Түркістан облысы: Сайрам ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілмек

Сайрам ауданында мал шаруашылығын дамыту бойынша ауқымды шаралар жүзеге аспақ. Ірі мал бордақылау алаңдарын ашу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Мақсат – жұмыс орындарын ашу, өндіріс көлемін арттыру. Сондай-ақ заңсыз берілген жерлерге қатысты да нақты шешім шығарылып, ретке келтіріледі. Ветеринария саласындағы жұмыстарды ретке келтіру бойынша бірқатар ұсыныстар қаралуда.

Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау үшін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды барлық жауапты сала басшыларымен кездесіп, мәселені жан-жақты талқылады. Қазіргі атқарылып жатқан жұмыстардың барысын Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов баяндады.

Сайрам ауданы — Түркістан облысындағы ірі аудандардың бірі, халқының тығыздығы жағынан өте үлкен, әрі даму әлеуеті аса жоғары, көпұлтты аймақ. Аудан халқының негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Ірі қара мал етін өндіріп сатуда республикамызды ғана емес, алыс-жақын шет елдерді де етпен қамтамасыз етіп отырған өңір. Мал басын бордақылаудан облыс бойынша алдыңғы қатардағы аудандардың бірі.

Ауданда ретсіз сауданың жолы кесіліп, санитарлық талапқа сай болуы бақыланады. Бұл тұста барлық жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Бүгінгі таңда аудандағы ірі қара мал басы 200 мыңнан асады. Аудан бойынша тәулігіне орта есеппен 3 мыңға жуық мал сойылады. Бордақылау алаңдарында 2 мыңнан астам адам жұмыс істеуде. Сайрам ауданындағы елді мекендер ішінде халық ең көп шоғырланған Қарабұлақ ауылдық округінде екі ірі мал базары бар.

Малдың қаны мен сүйегін қайта өңдейтін цехтар салынып жатыр. Аудандағы әрбір мал сою бекеті, кәсіпкерлер, мал саны толық есепке алынып, тіркелуден өтуде. Төрт түліктің жүні мен терісін қайта өңдеу және кәдеге жарату бойынша жобалар жүзеге асырылады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin