Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин жұмыс сапарымен Түркістан облысына келді.
Сапар аясында елордадан келген қонақтар Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Этносаралық қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырудың психологиялық-педагогикалық негіздері» тақырыбындағы семинарда сөз сөйлеп, пікір алмасты. Аталған жиынға аудан, қалалардағы білім бөлімдерінің тәрбие ісі жөніндегі әдіскерлері, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындары директорлары мен олардың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз шоғырланған елдімекендердегі жалпы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен психологтары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.
– Қазір еліміздегі этностарды ұйыстырып отырған Ассамблея отаншылдықты дәріптейтін институт ретінде дамып келеді. Былтыр Ақсақалдар кеңесі мен этномедиация институты құрылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Президентіміздің өзі оң баға беріп, одан әрі жандандыруды тапсырды. Қазір Түркістан, Жамбыл облыстарында этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстары тиімді жүріп жатыр. Ассамблеяның басты миссиясы барлық этностарды қазақ халқының қасына ұйыстырып, бір шаңырақ астына жинау. Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIII сессиясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамға іріткі салатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылуы керектігін қадап айтты. Қазақстан – бейбітшілікті ту еткен, 100-ден астам этнос өкілін бауырына басқан киелі мекен. Біз демократияға ден қойған құқықтық елміз. Бұл ретте еліміз 100-ден аса халықаралық конвенцияға, келісімге, декларацияға қол қойған. Яғни, қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге, оқшаулануға ұмтылған кез келген әрекетке, әсіресе, азаматтарды тіліне, ұлтына, дініне немесе мәдениетіне бола арандатуға, я болмаса кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру маңызды. Бұл орайда, бүгінгі семинардың бәріміз үшін маңызы жоғары деп есептеймін. Толеранттылық қағидасын ұстанып, біртұтастыққа сына қағушыларға иммунитет қалыптастыруымыз керек. Әрине бұл тұста Ассамблеяға артылар жүк ауыр. Сондықтан бұл институтты жан-жақты жаңғырту жұмыстары жалғаса бермек, – деді Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин.
Жиында қоғамдық келісімді нығайту жұмыстарын БАҚ-та жандандыру, жалған ақпараттың таралуына қарсы заң аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және өзекті мәселелерді, ұсыныстарды талқылау, ақпараттық жұмыстарды жетілдіру жайы талқыланды. Бұл ретте, «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед өз тәжірибелерімен бөлісіп, мазмұнды баяндама жасады.
Жиынға қатысушылар семинарда пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Еске сала кетсек, елордадан келген топтың Түркістан облысындағы сапары ертең де жалғасады. Сапар шеңберінде Сарыағаш және Келес аудандарында Ассамблея мүшелерімен, этномәдени бірлестіктер мен аудан тұрғындарымен бірнеше кездесу өтеді деп жоспарланған.
Сонымен қатар бүгін Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала Елі» орталығында «Азаматтық қоғам – тұрақтылық пен бірліктің кепілі» тақырыбында семинар өтті.
Семинарды ашқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл семинардың бірлікті нығайтуда маңызы ерекше екенін айта келе Мемлекет басшысының ҚХА сессиясында берген тапсырмаларының орындалу барысына, алдағы атқарар мақсат-міндеттерге тоқталды.
Келелі кеңесте өңірдегі қоғамдық-саяси және этносаралық ахуал бойынша атқарылған жұмыстар сараланып, қоғамдық келісімді нығайту, медиацияны дамыту жайы талқыланды.
Жиынға ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ғалымжан Махан, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин, сондай-ақ Түркістан облысы прокурорының орынбасары, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының орынбасары, Түркістан облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары, аудан, қала прокурорлары қатысты. Бұдан бөлек, ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша Департаменті аудандық, қалалық бөлімдерінің және аудандық, қалалық Полиция бөлімдерінің басшылары, аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, аудан, қалалардағы этнос өкілдері тығыз орналасқан ауыл округтері әкімдері, учаскелік полиция инспекторлары және «Қоғамдық келісім» КММ-нің аудандық, қалалық филиалдарының басшылары қатысты.
Алқалы жиында сөз алған Ғалым Нұрмағамбетұлы еліміздегі этносаралық алауыздықтың алдын алу жұмыстарына, Ассамблеяның елді біріктіруші ретіндегі рөліне тоқталды.
– Ел тыныштықта ғана гүлденеді, дамиды. Бұл ретте, қоғамның бірлігі мен ынтымағын сақтау – басты міндет. Бүгінде 2 миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден аса этнос өкілдері киелі шаңырақ астында тату-тәтті ынтымақта өмір сүріп келеді. Облыста мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері де аз емес, бұл тұрғыда мәселе жоқ деуге болады. Дегенмен этносаралық факторды саясиландыруға және бұл мәселеде арандатушылық сипаттағы талқылауларға мүлде жол бермеу бағытында жұмыстарды күшейту маңызды. Қазір ақпарат дәуірі, көп азаматтар, әсіресе жастар ақпаратты әлеуметтік желі арқылы алып отыр. Осы орайда, фейк ақпараттармен күрес жұмыстарына сақтықпен қарауымыз керек, – деді Ғалым Нұрмағамбетұлы.
Бірлікке үндеген басқосу ары қарай сұрақ-жауап түрінде өрбіп, семинарға қатысушылар өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты. Бұл орайда «Парасат» медиация және құқық орталығының сарапшы-конфликтологы Саламат Жұмағұлов, Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты Қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Ғали Дінмұхаммед түрлі сауалдарға тұшымды жауап берді.
Семинарға қатысушылар пікір алмасып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы алда тұрған бірқатар міндеттерді айта келе, өңірімізде этносаралық келісімді сақтау, жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу ісінде күш біріктіре отырып жұмыс істеуге сенім білдірді.
Еске сала кетсек, бүгінде өңірдегі ҚХА жанында 11 этномәдени бірлестік пен 6 құрылым жұмыс істейді. Этнос өкілдерінің 92 пайызы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.