Биыл Түркістан облысында 106,4 мың гектар жерге мақта егілді. Алдын ала болжам бойынша 300 мың тонна мақта жинау жоспарланып отыр. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен мәжілісте талқыланды. Өңір басшысы мақта шаруашылығына жаңа технологияларды, әдістерді енгізу жұмыстарын күшейту керектігін айтты.
– Мақта өсірілетін аудан әкімдері жиын-терім науқанына қолдау көрсетіп, шаруалармен тығыз байланыста жұмыс істеулері тиіс. Мақта шаруашылығына тамшылатып суғару технологиясын кеңінен енгізіңіздер. Бұл бағытта жұмыс әлі де төмен деңгейде. Жаңа тәсілдерді қолданып, мақтаның өнімділігін арттырып, сапасын жақсарту аса маңызды. Сонда ғана шаруалардың жағдайы жақсарып, мақта кластері дамиды, – деген Дархан Сатыбалды аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына тапсырмалар берді.
Облыстық ауыл аруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақовтың айтуынша, жиын-терім науқанына дайындық жүріп жатыр. Мақта қабылдау зауыттары мен арнайы орындарының жұмысы да жүйелене түседі.
Айта кетейік, Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін дәлелдеді. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.
Қазақстандық мақта талшығының сапасы төмен болуына байланысты әлемдік нарықта сұраныс болмауда. Жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы, өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта-тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады деп күтіліп отыр.
Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп, жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар облыста мақтаны терең өңдейтін көпсалалы кешендер мен кәсіпорындары құрылып, дайын өнімді экспортқа шығару жоспарлануда. Оған қоса жұқа матадан жасалған киімдер мен жоғары сапалы тоқыма бұйымдарын өңдеу мен өндіру көзделген.
Биыл Түркістан облысында бюджет есебінен 500-ге жуық нысанның құрылысы жүріп жатыр
Сонымен қатар аталмыш жиында қаралған тағы бір мәселе туралы. Түркістан облысы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және әлеуметтік нысандар салып, пайдалануға тапсырудан республикада көш бастап келеді. Әрбір аудан, қаланың елді мекендерінің жай-күйі сарапталып, тиісті құрылыс жұмыстары қарқынды әрі жүйелі түрде жүріп жатыр. Аталған саладағы жұмыстар облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде тағы да сарапталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биылға жоспарланған құрылыс нысандарын уақтылы әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
– Әрбір құрылыс нысанындағы жұмыстар бақылауда болсын. Қадағалаңыздар. Уақтылы әрі талапқа сай тапсырылуы тиіс. Бұл нысандар елдің сұранысына және өңірдің даму жоспарына сәйкес салынып жатыр. Маған бос уәде емес, нақты жоспар, жұмыс қажет. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер өңір тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әлеуетін көтеруге серпін береді. Сондықтан ел қазынасына салынып жатқан әрбір ғимарат жауапкершілікпен салынуы қажет, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты ширатуды жүктеді.
Түркістан облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиевтің айтуынша, Құрылыс басқармасы мен аудан, қала әкімдіктерінің тапсырысымен қолға алынған бюджеттік инвестициялық жобалар саны – 485. Оның 22-сі пайдалануға берілген. Қаржысы толық шешілген жағдайда жыл соңына дейін тағы 396 нысан құрылыс аяқталса, 67-сі 2025 жылға өтпелі. Өңірде 21 білім нысанының құрылысы қолға алынып, оның 4-еуі тапсырылған. Жыл соңына дейін 10 білім нысаны тапсырылады, 7-еуі келесі жылға өтпелі.
Денсаулық сақтау нысанында 94 нысанның құрылысы жоспарланса, оның 3-еуі тапсырылған, жыл соңына дейін тағы 90-нын тапсыру көзделген. Бұл ретте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 жоба жүзеге асуда. Облыста 3 әкімшілік ғимаратының құрылысы аяқталса, жыл соңына дейін үшеуі ел игілігіне берілмек. Сонымен бірге құрылысы жүріп жатқан 12 мәдениет нысанының 4-еуі биыл ашылса, 23 спорт нысанының 3-еуі берілген. Жыл соңына дейін 10 спорт нысаны беріледі.
Тұрғын үй, инфрақұрылыммен қамту жұмыстары да қарқынды. Аймақта 221 үй, 2469 пәтердің құрылысы жүріп жатыр.
Құрылыс демекші, Түркістан облысында бой көтеретін әрбір құрылыс нысандары мен ғимараттардың сәулеттік жобасы тұрақты түрде арнайы кеңес отырысында талқыланады. Бүгін өткен кезекті мәжілісте 14 жоба талқыға түсіп, сәулетшілер мен жауапты басшылардың, мамандардың сараптауынан өтті.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласының Бас жоспарын жүйелей түсу, әлеуметтік және туристік нысандар салу, реттеу, тұрғын үйлер салу мәселелері бойынша ұсыныстарды тыңдап, жауаптыларға тиісті міндеттер жүктеді.
– Жобалардың жүзеге асырылу барысын тұрақты қадағалаңыздар. Түркістан қаласын, өңірін дамыту жұмыстары жалғасады. Қалаларымыз бен елді мекендеріміз сәнді әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс. Міндеттеме алып, арнайы жер берілген инвесторлар жұмыстарын жедел атқарулары керек. Егер құрылысты бастамай, созбалаңға салатын болса, жер қайтарылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Сәулеттік жобалар талқыланған жиында инвесторлардың бірі тұрғын үй кешенін салу туралы ұсынысын білдірді. Арнайы жоспарын баяндады. «Мақсатымыз – Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындары» трактатына сай үйлесім тапқан, тұрғындарға жайлы үй салу», дейді инвестор.
Мәжілісте Домалақ ана және Гауһар ана, Арыстан баб кесенелерінің маңын реттеу, Түркістандағы ескек есу каналының маңындағы нысандарды жүйелеу, Төлеби ауданында этнотуристік орын ашу және өзге де жобалар талқыланды. Құрылыс нысандарының сапасы мен сәулеті тұрақты бақылауда болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.