Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізгендігін атап өтті. Науқастардың қымбат бағалы медициналық көмек алып, біраз дүниенің қолжетімділігіне алғыстарын білдіріп жатқанына да куәміз. Жалпы, МӘМС жүйесінің енгізілуі халықтың медициналық көмекке қолжетімділін арттыра алды ма? Осы және өзге де сұрақтарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары Арапкүл Үскенбайқызы жауап берді.
«Соңғы 3 жылда елімізде әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу есебінен мемлекеттік бюджеттен тыс медициналық көмек көрсетуге 2,5 трлн теңгеден астам қаражат бағытталды, бұл медициналық көмекті қаржыландыруды 2,5 есе арттырды! Сақтандыру қаражаты пациенттерге қымбат тұратын тексерулер мен операцияларды қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Кардио және нейрохирургияны, ЭКҰ, трансплантологияны қаржыландыру 3,5 есе артты. Медициналық оңалтуға және консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге бөлінетін қаражат көлемі 12,5 есе өсті.Азаматтарымыз жоғары білікті медициналық көмек ала алады, отбасылық бюджетке үлкен шығындар түседі деп алаңдамайды. Сақтандырылған әр азамат керек кезде төлейтін жарна төлеміне қарамастан, барлық медициналық көмекті алуға құқылы. Қарапайым дәрігерлік кеңестен бастап, жоғары технологиялық көмек, узи, қымбат бағалы КТ,МРТ сынды медициналық көмекті ала алады. Естеріңізде болса, КТ, МРТ сынды қымбат медициналық диагностикалық қызметтер 2020 жылға дейін әлеуметтік осал топтағы азаматтарға ғана тегін көрсетілген. Бүгінде барлық сақтандырылған азаматтарға ақысыз негізде қол жетімді. Яғни, МӘМС жүйесі енгізілгелі денсаулық сақтау саласы екі көзден қаржыландырылып, бірінші кезекте қарапайым халықтың медициналық көмек алуда көп мүмкіндіктері пайда болды. Шымкент қаласы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры дерегінде жеткізуші болып табылатын 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық рентгенография қызметін көрсетеді. Сақтандырылмаған азаматтар да медициналық көмексіз қалған жоқ. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде науқастарға шұғыл жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиация; амбулаториялық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, шұғыл жағдайда көрсетілетін қызметтер, әлеуметтік маңызы бар және созылмалы аурулардың диагностикасы және емдеу; стационарлық жағдайдағы мамандандырылған медициналық жәрдем, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету түрлері көрсетілуде. Осы жылдар ішінде МӘМС жүйесінде жұмыс істейтін жеке медициналық қызмет жеткізушілерінің үлесі 64%-ға дейін өсті»,-деді Арапкүл Үскенбайқызы.
Айта кетейік, Шымкентте 189 медициналық ұйым халыққа МӘМС шеңберінде қызмет көрсетеді. Оның 34-і мемлекеттік, 155-сі жекеменшік медициналық ұйымдар.Еңбастысы халықтың таңдау құқығы бар.
«ANYQ.KZ-ақпарат»