Шымкентте жастар мен жазушыларды қауыштырған әдеби кеш өтті

Қазақстанның халық жазушысы, ғасыр тұлғасы Мұхтар Шаханов Шымкенттік жастармен кездесті. Шығармашылық кеш М.Әуезов атындағы ОҚУ -де өтті.

Университеттің Басқарма төрағасы-ректордың м.у.а. Ғани Бесбаев ақынның өмірі мен шығармашылық жолына тоқталып: 

«Бұл күн – тарихи күн. Жастар сіз­дер халқымыздың ардақтысымен кездесу сәті бұйырып, жүздесу, сұхбаттасу бақытына ие болдыңыздар. Тағылымды кештің берері көп», – деді.

Іс-шарада ақынның өлеңдері оқылып, жиналған жұрт драматург жайында біраз ақпар білді. Басқосуда сөз сөйлеп, ақ батасын берген Шаханов жастардың сұрақтарына жауап беріп, түрлі кеңестермен бөлісті. Егеменді еліміздің, жалпы қарға тамырлы қазақ қоғамына еңбегі сіңген азамат азаттықтың мәніне кеңінен тоқталып, ақындық жолдың ауыр екенін еске салды. Сондықтан, ақын деген атқа лайық болу, оны қорғау керектігі айтылды.

Қазіргі жастарға көңіліңіз тола ма деген студенттің сауалына, Мұхтар аға әдемі жауап берді. Ол өз сөзінде жастар әр қилы. Бірақ шындық биігінен көрінуді мақсат тұтпаған адамды мен еркек деп, әйелді әйел деп есептемеймін. Себебі адамдар тек шындық жерде ғана бақытты өмір сүреді. Ал, бүгінгі жастар сол биікте көрінсе деймін,-деді ақын.

Әуезов университетінің ғылыми кеңесі шешімімен Мұхтар Шахановқа оқу ордасының «Құрметті профессоры» атағы берілді. Шығармашылық кеште Әуезов жастары бірінен соң бірі ақынға деген жалындаған арнау жырларын төкті, ұлтжандылыққа, ар-намысқа үндейтін өлеңдері мен поэмаларын жан тебірене оқыды. Мұхтар атамыз жау­қазын буынның қазақ әдебиетіне, өз жырларына деген шексіз махаббатына ризашылығын білдіріп, «Өлең құрау» өлеңін оқып берді.

Сексеннің сеңгіріне шыққан Мұхтар ақын 14 жастан бастап үзбей намаз оқыған екен. Ол күні бүгінге дейін ешкімге айтылмаған осы сырымен бөлісіп, жастарды елінің жанашыры болуға, адал жолмен жүріп, шыншыл болуға ша­қы­рып, тәрбиелік мәні зор ақылымен бө­лісті. 

Кеш соңында жиналған көпшілік ақынның сөзіне жазылған «Арыстың жағасында» әнін бірге шырқады. Берері мол бас қосуда Шахановтың кітаптарынан көрме қойылған. Сондай-ақ, ақынның қолтаңбасымен жаңа кітаптары да ұсынылды.

Шымкент  жастарының екінші бөлігі көрнекті жазушы және қоғам қайраткері Әкім Ысқақпен кездесу өткізді. Әкім Ысқақтың шығармашылығы көптеген оқырмандардың сүйікті туындыларына айналғандықтан, бұл кездесуге Жамбыл облысынан да арнайы келгендер болды. Жиын «Алтыным, өмірді сүй, өзіңе сен!» тақырыбымен өтті және оған тек жастар ғана емес, үлкен буын өкілдері де қатысты.

Әдеби кеш барысында мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін жатқа оқып, әндерін орындады. Кездесу барысында Әкім Ысқақтың «Алтыным-2» атты кітабы таныстырылды. Жазушы өз сөзінде өмірді сүюдің маңыздылығын және әрбір адамның жеке күшіне сенудің қажеттілігін атап өтті. Ол: «Өмірді сүйген адам ғана айналасына шуағын шашады, ал өзіне сенген адам ғана арманына жете алады,» — деп, нағыз кедейлік арманы жоқ адамда екенін айтты.

Жиын әсерлі өтіп, рухани нәр алғысы келген адамдар үшін ерекше мәнге ие болды. Шара соңында Әкім Ысқақ пен жастар арасында ашық сұхбат өтіп, студенттер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жазушының өмірлік тәжірибесі мен кеңестерін тыңдады.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin