Шымкентте жыл басынан бері халыққа 3 миллионнан астам консультациялық -диагностикалық қызмет көрсетілді. ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, оның 80 пайыздан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі есебінен қаржыландырылған.
Қалада бүгінгі таңда 22 медициналық мекеме КТ, 17 мекеме МРТ және 36 медициналық ұйым сандық рентгенография қызметін көрсетеді. Консультациялық-диагностикалық қызметтердің барлық түрлерін көрсететін медициналық ұйымдардың бірі – қалалық диагностикалық орталығы.
Мұнда 9 айда 4 мыңнан астам компьютерлік томография (КТ), 7 мыңға жуық магниттік-резонанстық томография зерттеулері жүргізілген. Былтырғы жылмен салыстырғанда КТ 6%, МРТ зерттеуі — 12% артқан. Орталықта сондай-ақ колоноскопия және бейне-электроэнцефалография зерттеулері жүргізіледі. Пациенттерге медициналық кеңес беріп, қызмет көрсетуге 100-ден астам жоғары білікті дәрігер жұмылдырылған.
Айта кету қажет, науқасқа диагностикалық процедураны емдеуші дәрігер тағайындайды. Көрсеткіштер болған жағдайда дәрігер КТ немесе МРТ жүргізуге жолдама бере алады. Бұл қызметті жоспарлы түрде алу үшін пациентте МӘМС жүйесінде «Сақтандырылған» мәртебесінің болуы тиіс.
Айта кетейік,Шымкентте бүгінгі таңда 72 медициналық ұйым науқастарға медициналық оңалту шараларын көрсетуде. Емдеу мекемелері кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша ем-дом жасайды.
Медициналық оңалту МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтарға қол жетімді және науқастардың қалыпты өмірге қайта оралуларына орасан көмегін тигізуде. ӘМСҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының мәліметінше, жыл басынан бері дәрігерлер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында 2000-ға жуық адамға оңалту шараларын көрсеткен.
Емдеу процесінде медициналық оңалту шаралары аса маңызды. Мәселен, инсульт, түрлі жарақаттар мен басқа да аурулардың асқынуында отадан кейін науқастардың аяққа тұрып, қалыпты өмірге оралулары оңалтуға байланысты. Сондықтан сақтандыру жүйесінде аталмыш ем-шараға ерекше көңіл бөлінген.
«ANYQ.KZ-ақпарат»