Шымкент: «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар Қаратау және Еңбекші ауданында жалғасты

Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында өтіп жатқан барлық іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Мәселен бүгін Шымкент қаласы Қаратау ауданындағы Тассай шағын ауданында өткен «Таза көше» атты іс-шара аясында Алматы тас жолының бойы тазаланды. Бұл іс-шараға жергілікті тұрғындар, белсенді, ерікті жастар, «Жасыл ел» жасақтарының мүшелері белсенді түрде қатысты.

– «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы тұрғындарды, әсіресе, жастарды айналамыздың таза болуын сақтауға өз үлесін қосуға шақырады. Қоршаған ортаны, табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Шымкент қаласының тұрғындарын осы игілікті шараға үлес қосуға шақырамын, – дейді Қаратау ауданы ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбеков.

Еңбекші ауданындағы Қапал батыр көшесінің бойы мен Еламан шағын ауданында да экологиялық іс-шара өтті.

Шымкент қаласының белсенді жастары, «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері мен тұрғындар аталған шағын аудан аумағындағы аулаларды тұрмыстық қалдықтар мен қоқыстан тазартып шықты.

– Елімізде тыныштық пен тұрақтылық сақталып, халқымыздың әл-ауқаты да жақсарып келеді. Ендігі жерде біздің қоғамның экологиялық мәдениеті де өсуі тиіс. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы, міне, осы мақсатты көздейді. Сол себепті өзімнің сүйікті қаламды таза ұстауға атсалысу – азаматтық борышым деп білемін, – дейді Еңбекші аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Зұлпыхар Жәйшібеков.

Айта кетейік, тазалық шаралары Шымкент қаласының барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстар жиналып, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау ықпал етіп келеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Шымкент қаласының тұрғындары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасын қызу қолдап, экологиялық іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, халықтың экологиялық мәдениетін көтеруге, жастарды Отаншылдық рухында тәрбиелеп, ел мен жерге деген жанашырлық сезімін оятуға бағытталған бағдарлама Шымкент қаласында нәтижелі жүзеге асып жатыр.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin