Шымкентте Түркиялық Гази университетінің филиалы ашылды

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің базасында түркиялық Гази университетінің филиалы ашылды. Тарихи құжатқа қол қою рәсіміне КР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркия мемлекетінің Жоғары білім кеңесінің төрағасы профессор, доктор Ервол Өзвар, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы-ректордың у.м.а. Сүгірбаева Гүлжан және Гази университетінің ректоры, профессор, доктор Угур Үнал қатысты.

Гази университеті – 1926 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Түркияда ғылым мен білім берудің басты орталығы ретінде құрылған алғашқы оқу орындарының бірі. Білім беру, гуманитарлық, жаратылыстану ғылымдары, медицина және т.б. көптеген бағыттар бойынша білікті кадрлар даярлайды.

Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті – 1937 жылы негізі қаланған жоғары оқу орны. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі жоғары білім мен ғылымның қарашаңырағы. Университеттің алты факультеті болашақ педагогтерді, білім беру саласының үздік мамандарын даярлайды.

Екі университет арасындағы өзара ынтымақтастық 2021 жылы 13 қазанда бастау алған. Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне ресми сапары барысында өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа және Erasmus бағдарламасы бойынша өзара серіктестік туралы институтаралық келісімшартқа қол қойылып, жоғары білім мен ғылым саласындағы бірқатар бастамаларға жол ашылды. Осы жылы Ө. Жәнібеков университетінің 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуға Гази университетіне жіберіліп, бір семестр бойы білім алып, тәжірибе алмасып келді. Сондай-ақ, 2 докторант Гази университетінде білікті ғалымдардың жетекшілігімен ғылыми тағылымдамадан өтті.

2022 жылы мамыр айында Ө. Жәнібеков университеті ректорының Гази университетіне ресми сапары аясында білім беру, әдістемелік және ғылыми қызметтер бойынша магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары аясындағы ынтымақтастық туралы қосымша келісімге қол қойылды. Осы жылы Ө. Жәнібеков университетінің тағы 10 студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Гази университетінде білім алса, 6 докторант ғылыми тағылымдамадан өтті. Сол жылы қараша айында Гази университетінің профессоры Южел Гелишли ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Шетелдік ғалымдарды оқытушылық қызметке тарту» бағдарламасы аясында Ө. Жәнібеков университетінде білім алушыларға дәріс оқуға шақырылып, бір ай бойы профессор-оқытушылар құрамымен өз тәжірибесімен бөлісті.

Ал 2022 жылы 24 қарашада Гази университетінің ректоры, профессор Мұса Йылдыздың ресми сапары барысында Жәнібеков университетінде Гази университетінің филиалын ашу жөніндегі бастапқы келісімге қол қойылып, стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңі басталған болатын.

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin