Шымкенттің жастары да, қарттары да Республика күнін жоғары деңгейде тойлады

    Республика күні – ел еңсесін көтеріп, рухын асқақтатқан орны бөлек, маңызы ерек мереке. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация қабылданды. Қазақстанның егемендігі туралы Декларацияның қабылдануы мемлекет тәуелсіздігіне қарай жасалған алғашқы қадам, ақжолтай құжат ретінде бағаланды. 2022 жылы Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың бастамасымен бұл күн Ұлттық мерекелер қатарына қосылып, кең көлемде тойланып келеді.

    25 қазан – Республика күніне орай Шымкенттегі «Достық үйінде» қалалық «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері басқосып, «Менің елім – Қазақстан!» тақырыбында «дөңгелек үстел» мәжілісін өткізді.

   «Ассамблея жастары» ұйытқы болған жиында Ө.Жәнібеков атындағы ОҚМПУ-дың департамент директоры, қалалық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық топ жетекшісінің орынбасары Қ.Анарбаев, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Достық» клубының жетекшісі Г.Сейдахметова, «Қазақстан неміс жастары одағы» төрағасының орынбасары А.Дрейлинг сөз сөйлеп, Республика күнінің мән-маңызы мен еліміздің егемендік жылдары қол жеткізген табыстары туралы айтты.

– Республика дегеніміз сіздер мен біздер. Осыны Қазақстанда тұратын баршамыз ұғынуымыз керек. Бұл мерекеде біз ортақ тарихымызды таразылап, кеткен кемшіліктерді саралау арқылы келешекке бағыт ұстауымыз керек.

    «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең істің бәрі бос», деп хакім Абай тек қазақтарға айтқан жоқ. Бір елде, бір жерде, бір мемлекетте тұрған соң біз бірігіп, егемен еліміздің игілігі үшін адал еңбек етуіміз керек, – деді Қайрат Сапарханұлы.

Ұлттық мерекені тойлған оқушылар да көп болды. Республика күніне арналған «Қыран елім – Қазақстан» атты патриоттық флешмоб өтті. Іс-шараны Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімі аппаратының ұйымдастырған. Жалпы, аумағындағы Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 300 оқушысы қатысқан жиында рухты әндер айтылды, домбырамен күй шертілді.

    Қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй мен ерекше қуаныш сыйлаған мерекелік шаралар легі толастаған емес. Мәні зор мерекенің мағынасын арттырған бүгінгі шара соның айғағы. «Қыран елім – Қазақстан» патриоттық акцияны қолдау мақсатында алаңға жиналған жастар арнайы бейнеролик де түсірді. Алдағы уақытта оқушылар бұл түсірілімді әлеуметтік желілерге жарияламақ. Сол арқылы интернет қолданушыларға үлгі болуда мақсат еткен.

Алдағы уақытта, жас ұрпақ бойына отансүйгіштік қасиетті дарытып, Атажұрттың абыройын асқақтатар тұлға тәрбиелеуде бұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырлмақ.

    Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің ұйымдастыруымен 25 қазан — Республика күніне орай еліміздің тәуелсіздігін дәріптеу және жас ұрпаққа салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында «Тарих тағылымынан – тұғырлы тәуелсіздікке» атты жастар шеруі өтті.

      «Республика күні – халқымыздың рухын көтеріп, елдігімізді нығайтатын, бірлігімізді бекемдеп, ынтымағымызды арттыратын айшықты мереке» деген болатын Мемлекет басшысы. Расында белсенді жастардың қатысуымен өткен шара рухымызды көтерді.

     Көк туымызды желбіреткен жастар шеруі «Қазақ хандығына 550 жыл» монументінен бастау алып, Тәуелсіздік алаңына дейін жалғасты. Шеруге әр оқу орнынан 33 жас қатысты. Бұл шара еліміздің өткені мен бүгіні арасындағы сабақтастықты айқын көрсетіп, жас буынға еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресінің маңызын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды қадірлеу және жастарды ұлттың жарқын болашағының кепілі ретінде тәрбиелеуде үлесі зор болды десек қателеспейміз.

     Ұйымдастырушылардың айтуынша, жастардың рөлі осы шеруде ерекше айқындалады, себебі олар елдің болашағы ретінде Қазақстанның егемендігін сақтап, оны одан әрі нығайтуға өз үлестерін қосатын болашағымыз. Сондай-ақ, бұл шара арқылы жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, ел тарихын терең түсінуге мүмкіндік жасау көзделді.

– Республика күні – еліміздің барлық азаматтары үшін ортақ мереке. Шеру барлық қатысушыларға өз тарихымызды мақтан тұту мен дене шынықтыруды насихаттайтын, еліміздің тәуелсіздігін атап өтетін маңызды іс-шара болды. Сондықтан көшеге шығып, Республика күніне орайластырылған іс-шараларға қатысып, жастардың рухы көтеріліп қалды. Рәміздерге құрмет артып, Отанға деген махаббатымыз оянады, – дейді Жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Спатаев.

     Республика күніне орай Шымкентте қаланың көптеген нүктелерінен көрінетін жаңа символ пайда болды. Shymkent City шағын ауданында биіктігі 100 метрлік ту бағанасында мемлекеттік ту салтанатты түрде көтерілді. Бұл сәт еліміздің бірлігі мен тәуелсіздігін дәріптейтін маңызды іс-шара ретінде халық жадында сақталады. Көлемі 30×15 метрлік үлкен ту қаланың ең биік нүктесінде желбіреп, патриотизмнің жаңа белгісі мен символына айналды.

    Ұлттық мерекеге орай мұғалімдер де ерекше іс-шараға қатысып, белсенділік танытты. Мектеп мұғалімдері арасында волейболдан Қаратау ауданы әкімінің кубогына арналған турнир өтуде. Бүгін жарыстың ашылу рәсімінде аудан әкімі Рақымберді Мүлкеманов көпшілікті мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

     Іс-шараның мақсаты — саламатты өмір салтын, бұқаралық спортты насихаттау. Аудан мектептері арасында өзара ынтымақтастықты арттыру. Турнирге аудан аумағындағы 20-ға жуық мектеп командалары қатысуда. Биылғы дәстүрлі сайыста қатысушылардың қатары артып отыр.

Барлық қатысушылар Алғыс хаттармен марапатталды. Ал, жеңімпаз командаларға аудан әкімінің арнайы кубогі және жүлде қорлары табысталады. Аудан әкімі турнир қатысушыларына алғысын білдіріп, аталған бағыттағы іс-шара жалғасын табатынын атап өтті.

 «ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin