Шымкент: Энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор жоба іске қосылды

Шымкентте «Дендропарк» жаңа электр қосалқы станциясы ашылды.

Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан қала. Сәйкесінше, электр энергиясына сұраныс та артып келеді. Қала әкімі бүгінгі таңда 110/10 кВ кабельдік желімен жабдықталған, 36 МВт қуаты бар “Дендропарк” жаңа электр қосалқы станциясының іске қосылуына қатысты.

— Инвесторлардың қаражаты есебінен салынған қосалқы станция Абай және Әл-Фараби ауданында қарқынды дамып жатқан жаңа тұрғын аймақ пен коммерциялық нысандарды тұрақты әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бұл шағынаудандарда көпқабатты үйлер, әлеуметтік және мәдени нысандар шоғырланған. Жалпы бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор, — деді қала әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Алғашқы кезеңде 5221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қала тұрғындары мен бизнес өкілдерінің сұранысына сай қосымша 7500-ден астам абонентті қосу мүмкіндігі бар.

Қосалқы станция стратегиялық және экологиялық қауіпсіздік бойынша барлық заманауи талаптарға сай келеді. Жобаны жүзеге асыру барысында озық технологиялар мен жабдықтар қолданылды.

Бүкіл ел бойынша бүгінде энергия өндіретін ірілі-ұсақ 222 станса бар. Осы стансаларда жалпы қуат көзінің 66 пайызы көмірден, 22 пайызы газдан, қалған 12 пайызы гидро және күн мен желден өндіріледі.

«ANYQ.KZ-ақпарат»

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin