Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың жылына екі рет ауыл тұрғындарымен кездесу өткізуі жоспарланған. Желтоқсанның 3-і күні жылдағы дәстүрін жалғастырып, алдымен Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарымен ІІ жарты жылдық бойынша есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуге ауылдық округ әкімі Тайыр Абдиев, дербес бөлім басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.
Кездесудің басты мақсаты ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық мәселелер мен ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстарды баяндау және халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Жиын барысында ауылдық округ әкімі Тайыр Абдиев өз баяндамасын жасады. Ол өз сөзінде ауылдық округтің 2024 жылғы жетістіктері мен атқарылған жұмыстарын, сондай-ақ, алдағы жоспарларын айтып, ауыл шаруашылығы және инфрақұрылым, білім беру және денсаулық сақтау салалары бойынша бірқатар маңызды мәселелерге тоқталды.
Білім демекші, биыл қыркүйек айында Жаңа Иқан ауылдық округінде жекеменшік 577 орынға лайықталған «Дарын KZ 1» жалпы орта мектебінің салтанатты ашылу рәсімі болған-ды. Салтанатты шараға Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, білім бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова, білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Фатима Рысбекова, ауылдың ақсақалдары мен тағы да басқа қонақтар қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев құттықтау сөз сөйлеп, барша жиналған көпшілікті жаңа мектептің ашылуымен құттықтады.
«Cіздерді бүгінгі жаңа мектептің ашылуымен және оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Cіздер үшін бүгін маңызды, себебі жаңа мектептің табылдырығын атап отырсыздар. Қазақстанның болашағы — ертеңгі сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан, сабақтарыңызды жақсы оқып, еліміздің өркендеуіне өз үлестеріңізді қосады деп сенім білдіремін”, — деді Бақытжан Кеңесбекұлы.
Ауданда биылғы оқу жылына 5 мектеп пайдалануға беріліп отыр, оның 1-еуі мемлекеттік, 4-еуі — жекеменшік мектеп. Ал, жыл соңына дейін «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында 3 мектеп пайдалануға беріледі. Атап өтсек, Сұлтанбек Қожанов елді мекеніндегі 300 орындық, Еңбекші Дихан елді мекеніндегі 600 орындық, Аша елді мекеніндегі 600 орындық білім ұялары оқушыларға есігін айқара ашатын болады. Ал, келер жылы Ынталы мен Құмтүйін елді мекендерінде 600 орындық екі мектептің құрылысы аяқталмақ.
Аудан бойынша 56 орта білім беру ұйымдары болса, оның 41 мемлекеттік, 15 жекеменшік, онда 23 911 оқушы білім алуда, оларға 3578 ұстаз қызмет етеді. Биылғы оқу жылына 2228 бүлдіршін 1 сыныптың табалдырығын аттады.
Ол сондай-ақ, тұрғындарға ауылдық округтегі жаңа жобалар мен даму бағыттары туралы мәлімет беріп, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Тұрғындар өздерінің сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тиісті бөлімдер тарапынан әрбір сұраққа толық әрі нақты жауаптар берілді. Онда ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, жолдар мен ауыз су мәселелерін шешу туралы сұрады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын дамыту және жер мәселелері бойынша да бірқатар ұсыныстар айтылды. Жалпы, елдің экономикалық даму бағытында балық шаруашылығы ерекше рөл атқаратыны белгілі. Соңғы уақытта бұл салада үлкен жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыста балық шаруашылығын дамыту мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие мен субсидиялар беру және осы салаға инвесторлар тарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран аудандық шаруалар енді балық шаруашылығын дамытуды қолға алды. Биыл ақпан айында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров, мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, мәслихат депутаты Арсылан Раматуллаев, Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тайыр Абдаев Ибата елді мекеніндегі жеке кәсіпкер Жасур Муминовтың балық шаруашылығын дамытудағы жұмысымен арнайы барып танысқаны — есімізде.
Жеке кәсіпкер Жасур Муминовтың айтуынша, 240 шаршы метр жерге балық шаруашылығын дамтуды қолға алған. Өз кәсібін былтыр қыркүйек айындап бастап, мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша тіршілігін бастаған кәсіпкер 2,5 пайызбен 8,5 миллион теңге алған. Балықтың форель түрін өсіруде. Бүгінгі таңда төрт бассейінде балық өсіріп отырған кәсіпкер 6 айда 2 тонна, жылына 4 тонна балық алуды көздеп отыр. Өзімен бірге 4 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуда.
Сонымен қатар, кәсіпкер «Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін ашамын деген азаматтарға таптырмас мүмкіндік екенін айтып, бұйыртса алдағы уақытта кәсібін үлкейтіп, бірнеше азаматты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Бұдан бөлек электр желілерінің тозуына және трансформаторлардың ескілігіне байланысты жарықтың жиі сөнуі елді мекендерде өзекті мәселелердің бірі болатын. Тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында бюджеттен қаржы бөлініп, 2 трансформатор алынды.
Әрқайсысының қуаттылығы 160 квА болатын 2 жаңа трансформатор Еңбекші диқан елді мекені мен Жаңа Иқан ауылдық округіне қарасты Ибата елді мекеніне орнатылуда. Электр энергиясын жеткізу сапасын жақсартуға қажетті құрылғы аудан орталығы мен елді мекендерге де қойылуда.
Бұған дейін аталған ауылдық округ тұрғындары тоқ мәселесін көтерген. Жергілікті тұрғындар өтініші бойынша мамандарымен бірлесіп жарық мәселесі шешілуде.
Мақсат Таңғатаров өз кезегінде ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, тұрғындардың барлық сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарға көңіл бөлінетінін айтты.
Бұл кездесу Сауран ауданында ашықтық пен тұрғындармен диалогтың нығаюына септігін тигізіп, ауыл тұрғындарының мәселелерін шешуде тиімді әдіс болып табылады. Жаңа Иқан ауылдық округінің тұрғындары өз мәселелерін ашық түрде көтеріп, оларды шешуге қатысты нақты қадамдар жасауға мүмкіндік алды.
Сонымен қатар мұнан соң 2024 жылдың ІІ жартыжылдық қорытындысы бойынша Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Иқан ауылдық округі тұрғындарымен есептік кездесуін өткізді. Кездесуде Ескі Иқан ауылдық округі әкімі Дильшад Саитов өткен жартыжылдықтағы жұмыстар мен алдағы жоспарларын баяндап, ауылдағы әлеуметтік-экономикалық жағдай туралы мәлімет берді.
Дильшад Саитов өз баяндамасында округ бойынша соңғы жартыжылдықта жүзеге асырылған жобалар мен шаруашылық жұмыстарын атап өтті. Оның айтуынша, ауылдың инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеру бағытында көптеген жұмыстар атқарылды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамыту және білім беру саласын қолдау бағытында да бірқатар маңызды бастамалар жүзеге асырылды.
Кездесу барысында тұрғындар өздерінің көкейкесті сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Тұрғындар көбіне ауылдың жер және ауыз су мәселелері және қоғамдық көлік қатынасы туралы сұрақтар қойды. Сонымен қатар, білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қатысты да бірқатар мәселелер қозғалды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында азаматтардың барлық сындарлы сауалдарына жедел және тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Сауран ауданы тұрғындарының мәселелері бойынша көшпелі жеке қабылдау өткізілуде.
Қарашаның 25-інде ғана аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Ескі Иқан ауылдық округінің тұрғындарына көшпелі жеке қабылдау өткізген болатын. Жеке қабылдауда ауыл тұрғындары тарапынан көптеген мәселелер көтерілді. Атап айтсақ, жер, ауылдағы қаңғыбас иттерді аулау, 600 метр арықты бетондау, «Иқан-Тазалық» мекемесі ауыл тұрғындарымен келісім-шарт түзбей қаржы жинап жатқанын алға тартты.
Сонымен қатар, суармалы жерлерге берілетін ағын суға субсидия беру, ауыл көшелеріне жол кедергілер салу, ауыл тұрғындары тарапынан жасалған балалар ойын алаңын, әкімдік атына өткізу, үй құжаттарын рәсімдеу, М.Жүсіп елді мекеніне тұрғын үйге жер беру, трансформатор орнату, тұрғын үйдің құжаттарын заңдастыру, жол белгілерін орнату мәселелерін жеткізді.
Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров жеке қабылдауға келген ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін мұқият тыңдап, тиісті шешім қабылдап, заң шеңберінде орындалуына ықпал ететінін жеткізді.
Ескі Иқан аумағында көшелер жөнделіп, жарықтандырылып, инфрақұрылым жүйесі реттеліп келеді. Алдағы уақытта Мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі. 20 мың халқы бар округтің орталық көшелерін көркейту бағытында межелі жұмыстар атқарылады.
Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитовтың ауылдық округте 2024 жылға жоспарланған жұмыстары мен инвестициялық жобалары туралы мәліметтерге сүйенсек, 4500 адамға арналған «Авиценна-А» ЖШС емханасы, жоба құны – 95 миллион теңгені құрайды, емханада 18 жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Сонымен бірге, 200 балаға арналған жатақхана құрылысы, құны 250 миллион теңге, 6 жұмыс орны, 380 балаға арналған гимназия, құны 260 миллион теңге, 35 жұмыс орны ашылмақ. Ескі Иқан және Мәшһүр Жүсіп елді мекендерінің жол бойына сауда орны, құны 40 миллион. теңге 50 адам жұмыспен қамту, мақта шитін өңдеу арқылы мақта майын және кір сабын, қалған қалдығын мал азығын шығару зауыты, жоба құны 500 миллион теңге, 12 жұмыс орны, сүт өнімдерін қайта өңдеу, құны 500 миллион теңге, 10 жұмыс орны, 60 басқа арналған мал сою бекеті, құны 250 миллион теңге, 12 жұмыс орнын ашу көздеп отырғанын жеткізді.
Ауыл шаруашылығы бойынша 10854 гектар жерге бір жылдық ауыл шаруашылық дақылдары егілген. 997 дана шаруа қожалығы, 3 заңды тұлға егістік жерлерді толық игерген. Көктемгі дала жұмыстарына 187 шаруа қожалығынан 421,7 тонна жанар-жағар майға өтінім берілген. 2023 жылы ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау бойынша тапсырма 12 бірлік болса, жыл соңында орындалуы 35 бірлікті құраған. Жалпы, инвестициялық құны 508,1 миллион теңге болған. 2024 жылы 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын алуды жоспарлап отыр. Инвестициялық құны 275 миллион теңгені құрайтынын атап өтті.
Естеріңізде болса, былтыр қараша айында ескі иқандықтар көптен күткен «көгілдір отынға» қосылып, қуаныштары еселенді. Мемлекет басшысының Қазақстан аймақтарын газдандыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында аталмыш жоба жүзеге асырылуда. Табиғи газды қосу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров және тиісті сала басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Ескі Иқан елді мекенінде бүгінгі таңда 18999 халық тұрса, соның бүгінгі күні 2322 абонентке табиғи газ берілді. Бұған дейін көмір жағып, күл шығарудың мехнатын тартқан ауыл тұрғындарының бүгінгі көңілдері шат-шадыман екенін жүздерінен байқадық.
— «Ескі Иқан ауылдық округіне табиғи газ қосу жұмыстары ұзаққа созылғаны жасырын емес. Бүгін көптен күткен қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Ауыл тұрғындары енді бұрынғыдай көмір жағып, күл шығарудан босады. Біз ендігі кезекте қалған ауылдық округтерге көгілдір отын беру үшін тиісті барлық жұмыстарды атқаратын боламыз. Біз үшін тұрғындардың өмір қауіпсіздігі бірінші кезекте. Сондықтан да тұрғындарға көгілдір отынды газ беруші мекеменің арнайы рұқсатымен және мамандарының қатысуымен қосу қажет екенін ескертеміз», — деді аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы.
«Ауылымызға «көгілдір отын» келгеніне ерекше қуаныштымыз. Осыған дейін отын жарып, көмір жағып күнелтіп келген ауыл халқы енді газдың игілігін көретін болады. Шаңырағымыздың жылуы артып, түтіннен тазарып қалғаны көңіліге жылулық сыйлайды. Басшыларға үлкен алғысымды білдіремін»,- деді ауыл тұрғыны Беглархан Тажиметов.
Мақсат Таңғатаров аудан әкімі ретінде барлық сұрақтарға толық жауап беріп, ұсыныстарын назарға алды. Тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар беріп, аталған мәселелерді шешуге бағытталған нақты шаралар қабылдау керектігін айтты. Жиын билік пен тұрғындар арасындағы ашық диалогты қамтамасыз етіп, ауылдағы өзекті мәселелерге жедел жауап беріп, тиісті бөлімдерге орындауларын міндеттеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.