
Түркістан өңірінің үздік педагогтары басшылық қызметке конкурссыз тағайындалмақ. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы бойынша 43 түркістандық педагог кадрлық резервке өтті. Олар көшбасшылық, кәсіби және басқарушылық дағдыларын жетілдіріп, арнайы сертификатқа ие болды. Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев резервке алынған кадрлармен кездесті.
— Білім беру саласында оң өзгерістер көп. Бірқатар бағыттарда талап күшейді. Былтырдан бастап мектеп директорлары тікелей эфир арқылы ашық жүйеде тағайындалып келеді. Бұл бастама сыбайластық жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуға және азайтуға, түрлі кедергілерді тоқтатуға, әділетсіздікке тосқауыл қоюға және бірінші басшы лауазымына лайықты азаматтардың қабылдануына септігін тигізіп жатыр. Кәсіби педагог кадрлардың басқаруы білім сапасының артуына тікелей байланысты. Ендігі кезекте кадрлық іріктеуге қатысып, сертификат алған педагогтерді, яғни Сіздерді конкурстық рәсімсіз басшылық қызметке тағайындай аламыз. Тәжірибелеріңіз бен дарындарыңызға үміт артамыз. Сенімді ақтайды деген ойдамыз. Осылай кезең-кезеңімен кадр мәселесін шешеміз. Өңір әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен ұстаздаға ерекше құрмет көрсетілуде. Бұл жұмыстар одан әрі жанданады, — деді Бейсенбай Дәулетұлы.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Қасымбекова қатысушыларды алаңдатқан сұрақтарға жауап берді. Резервке өткен педагогтер директордың орынбасары бола алады. Ал орынбасарлық қызметте жүрген көшбасшылар мектеп директорлығына тағайындалады.
Оқу-ағарту министрілігі тарапынан білім сапасын арттырудың бес негізгі бағытын айқындалған. Оның ішінде тиімді менеджментті дамытуға және кадрлық резервті құруға ерекше басымдық берілген. 6 айға созылған процесс 5 кезеңнен тұрды. Атап айтқанда, үміткерлер құзіреттерді бағалау бойынша тестілеуден, жетекші мектептердегі тағылымдамадан, қорытынды бағалаудан және республикалық комиссияда әңгімелесуден өтті. Іс-шараларды Педагогикалық шеберлік орталығы жүргізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында 2023 жылы 26 педагог резервте болған. Оның 23-і бос лауазымға конкурстық рәсімсіз орналасқан. Биыл жобаға қатысушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 2,5 есеге көбейген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.