Шымкентте «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай маңызды жұмыстар қолға алынып жатыр

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилікті дәріптеу, нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Осыған байланысты Шымкент қаласында маңызды жұмыстар қолға алынуда.

Бүгін осы бағытта мемлекеттік жастар саясаты саласындағы өзгерістер мен басқа да өзекті мәселелерге арналған көшпелі баспасөз брифингі өтті. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбектің айтуынша, қалада техникалық және кәсіби білім беру саласы мен жұмысшы кадрларды даярлауға басымдық беріледі.

Шымкент қаласы әкімдігі Үкімет жоспарының жеті бағытын қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Жоспар алты бөлімнен және 59 тармақтан тұрады:

  1. Жұмысшы мамандықтары жылын ұйымдастыру – 5 іс-шара.
  2. Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту – 12 іс-шара.
  3. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру ұйымдарының тартымдылығын арттыру – 7 іс-шара.
  4. Жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысуын кеңейту – 8 іс-шара.
  5. Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету – 10 іс-шара.
  6. Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру – 18 іс-шара.

Шымкентте техникалық және кәсіби білім беру жүйесі тұрақты даму үстінде. Қаладағы 39 колледжде 49 780 студент білім алуда, оның ішінде:

  • Мемлекеттік колледждерде – 16 957 студент.
  • Жекеменшік колледждерде – 32 823 студент.

2024-2025 оқу жылына республикалық бюджеттен 6 000 грант, жергілікті бюджеттен 5 500 грант бөлінді. Барлық гранттар 28 колледждегі 78 мамандыққа толықтай қамтылды:

  • Жұмысшы мамандықтарға – 7 761 грант (67,5%).
  • Педагогикалық мамандықтарға – 1 933 грант (16,8%).
  • Медициналық мамандықтарға – 1 285 грант (11,2%).
  • Мәдениет және өнер саласына – 521 грант (4,5%).

«Жұмысшы мамандықтар жылы – жастарды еңбекқорлыққа, кәсібилікке және өз болашағын құруға ынталандыратын маңызды қадам. Біз бұл бағытта қоғамның барлық санатын тартуға күш саламыз», – деді Сәрсен Абайұлы брифингте.

Бұдан бөлек 2025 жылы Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындары мен студенттерге қолдау көрсету шаралары айтарлықтай артып келеді. Қаладағы 9 университетте 82 564 студент білім алып жатыр, олардың ішінде республикалық бюджеттен 16 639 студент, ал жергілікті бюджеттен 285 студент грант арқылы оқуда. Әлеуметтік осал топтарға жататын 379 студентке ерекше назар аударылған.

2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы артпақ. Бакалавриат студенттері үшін шәкіртақы 20%-ға, магистранттар мен докторанттар үшін 15%-ға ұлғайып:

  • Бакалавриат: 47 135 теңгеден 52 372 теңгеге, педагогикалық және медициналық бағытта 75 600 теңгеден 84 000 теңгеге дейін.
  • Магистратура: 107 061 теңгеден 117 098 теңгеге дейін.
  • Докторантура: 240 000 теңгеден 262 500 теңгеге дейін өспек.

Әлеуметтік осал топтарға жататын студенттерге қосымша қолдау жасалады. Мысалы, жетім балалардың шәкіртақысына 30%, мүгедектігі бар студенттерге 50% үстеме қосылады. Бұл оларға оқу процесіне көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік береді.

Шымкент шаһарындағы жоғары оқу орындарының жатақханаларында 10 009 орын бар. Жатақхана тапшылығы мәселесі әзірге жоқ, бірақ қала халқының өсуіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орындық жатақхана құрылысы жоспарланып отыр.

Бұл бастамалар студенттердің білім сапасын арттыруға, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуына ықпал етеді. Қолдау шаралары жастардың оқу процесінде белсенділігін арттырып, мамандықтарына деген қызығушылықтарын күшейтетіні сөзсіз.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin