
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ауылдарды жаңғыртуға бағытталған жобаларды жүйелеп, бір бағдарламаға біріктіру бастамасын көтерген болатын. Елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты кешенді шара қабылдау мақсатында ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл аманаты» және «Ауыл – Ел бесігі» жобаларын біріктіруді ұсынды. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан бұл бағыттағы жұмыстар сараланып, ұсыныстар енгізілді.
Түркістан облысы аумағында жалпы 800 ауылдық елді мекен орналасқан. Онда 1,6 млн. адам немесе халықтың 75 %-ы тұрады. Өңірде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы арқылы 602 ауылдық елді мекенді жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Жоба аясында бес жылда 113,2 млрд. теңге қаржы бөлініп, 1 567 жоба жүзеге асты. 173 әлеуметтік және 104 инфрақұрылымдық нысандар салынып, 1 571 ішкі көшелер орташа жөндеуден өтті. Нәтижесінде, 328 елді мекен қажетті инфрақұрылыммен қамтылып, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Биыл жаңа 52 ауылды жаңғырту жоспарланып отыр.
Одан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жергілікті тұрғындардың жағдайын жақсарту, кәсіп бастауға қолдау көрсету көзделген. Екі жылда Түркістан облысында жобаны жүзеге асыруға 22,8 млрд.теңге бөлінді. Нәтижесінде, 3 293 жоба қаржыландырылып, 3 665 жаңа жұмыс орны құылды. Биыл 7,4 млрд.теңгеге 1 097 жобаны іске асыру көзделген. Нәтижесінде, 1 192 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Жоба шеңберінде даму әлеуеті бар елді мекендердің тізбесін айқындау өлшемшарты қайта қаралып, өңірдегі даму әлеуеті жоғары елді мекендер қосымша қамтылмақ. Жалпы, бұл бағдарламада ауылдарды дамытуға қатысты бағдарламалар мен жобалар біріктіріліп, жан-жақты қолдау күшейтіледі.
Айта кетейік, Түркістан облысында аталған жобаларды іске асыру тәжірибесі екі жобаны біріктіру барысында қолданылмақ.
Осы ретте атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес, Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен көкөніс өнімдерін сату және өткізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Оған базар иелері, сауда желілерінің өкілдері, көкөніс өнімдерін өндірушілер мен ірі көтерме саудагерлер қатысты.
Жиын барысында көкөністерді ішкі нарыққа, соның ішінде елдің басқа өңірлеріне жеткізу, 2025 жылы күтілетін өнім көлемі, сондай-ақ тауарларды делдалсыз және тиімді бағамен өткізу мәселелері талқыланды.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы мен ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан ауыл шаруашылығы саласын қолдау және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау бойынша ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар фермерлердің нарыққа кіруін жеңілдету, өнімді тұрақты түрде жеткізу және қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу қажеттігі атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша көкөніс өнімдерін ішкі нарыққа тиімді әрі тұрақты жеткізу мақсатында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері, көтерме саудагерлер және базар өкілдері өзара іс-қимылды күшейтіп, ұжымдық жұмыс аясында бірлесе әрекет ету туралы шешім қабылдады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.