Түркістан облысы: Ордабасы ауданының басшысы тыл ардагерлерін марапаттады

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаев Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс жылдарында ерен еңбек етіп, жеңістің жақындауына үлес қосқан тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, арнайы марапаттап, оларға Мемлекет басшысының Жарлығы негізінде ерлік пен еңбектің нышанына баланатын «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыс етті.

Аудан әкімінің тыл еңбеккерлеріне көрсетілген ел ризашылығының белгісі ретіндегі бұл марапаттауы жоғары құрмет пен рухани жылулық үйлесім тапқан ерекше атмосферада өтті. Ардақты ардагерлер аудан әкіміне ризашылық білдіріп, өздерінің естеліктерімен бөлісіп, өткен күндердің өнегесі туралы сөз қозғап, ақжарма тілектерін айтып, баталарын берді.

Аудан басшысы өз кезегінде ардагерлерге өнегелі өмірлері мен ғибратты істері, адалдығы мен патриотизмі үшін алғысын білдіріп, жастарды еңбекке құлшындырып, елге адал қызмет етуге деген ынталарын арттыруға қосқан үлестерін атап өтті.

Бүгінгі аудан әкімі марапаттаған ардагерлердің бірі бүгінде жасы 90-нан асқан Әбдіқайым Ысқақ — ұстаздар әулетінде өсіп-өнген, өзі де ұстаздық қызметті абыройлы атқарып, «Үздік еңбек әулеті» марапатына ие болған қария. Ал 95 жастағы Рахия Кемелбек апамыз жастайынан колхоз жұмыстарына белсене араласып, қоғам жұмысына үлкен үлес қосып, ерен еңбегімен ерекшеленген ардақты тыл ардагері саналады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin