Түркістан облысы: Созақ ауданында 79 оқушы – «Алтын белгіге», 70 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.

Бүгін Созақ ауданындағы барлық білім беру мекемелерінде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, 2024-2025 оқу жылы өз мәресіне жетті.

Аудан орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған салтанатты жиынға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады.

– «Бүгін – ерекше күн. Санаулы минуттардан кейін мектептерімізде соңғы қоңырау үні сыңғырлап, тағы бір оқу жылы өз мәресіне жетпек. Бұл – тек бір оқу жылының аяқталуы ғана емес, балалықтың шуақты кезеңі мен болашаққа бастар үлкен жолдың тоғысар тұсы. Биыл ауданымызда 1-11-ші сыныптар аралығында 15 388 оқушы білім алды. Оның ішінде 79 оқушы – «Алтын белгіге», 70 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер. Бұл – ұстаздарымыздың ерен еңбегі мен ата-аналардың қолдауының нәтижесі», – деп атап өтті.

Салтанатты шара аясында білім саласына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар марапатталып, құрмет көрсетілді. Сонымен қатар, ардагер ұстаздар мен мектептің 20 жылдық түлектері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі.

Шара мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасып, соңғы қоңырау үнімен түйінделді.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You