
Бүгін еліміздің барлық өңірлеріндегі білім ошақтарында оқу жылын аяқтау салтанаты болып өтті. Еліміз бойынша биылғы оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтаса, 217 мың түлек 11-сыныпты бітірген. Ордабасы ауданы бойынша жалпы 37 362 оқушы болса, олардың 2 210-ы — мектеп бітіруші түлектер. Олардың 136-сы — «Алтын белгі», 194-і — «Үздік аттестат» үміткерлері.
Аудан әкімі Азат Оралбаев Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясына арнайы барып, мектеп түлектерін, ұстаздарды, оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтады.
«Бұл күн балдәурен балалықтың артта қалып, жауапкершілігі мол азаматтық биікке көтерілудің бастамасы. Еліміз үшін жас ұрпақ тәрбиесі, білім беру ісі айрықша маңызды. Сапалы да заманауи білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасау біз үшін мәртебелі міндет. Жақында ғана ауданымызда қуанышты жағдай болып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде Республика көлемінде биылғы жылға алғашқы болып, 140 балды біздің ауданымыздың осы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Абілхан Жәнібек шәкіртіміз алды. Бұл ауданымыздың білім саласы үшін үлкен жетістік. Басқа да оқушыларымызға Жәнібектің жолын берсін деп тілеймін!», — деді құттықтау сөзінде аудан әкімі.
Мерекелік жиын барысында білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызмет етіп, жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуде елеулі жетістіктерге қол жеткізген бірқатар азаматтар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.
Ерекше атап өтетін жайт, іс-шараға арнайы келген Облыстық сапаны қамтамасыз ету департаментінің өкілі Гүлдар Медеубек Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың шешімімен білім саласындағы жоғары нәтижелері үшін Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы республикада қазіргі таңда 7724 мектеп болса, соның арасында үздік 100 мектептің қатарына енгенін атап өтті. Сондай-ақ Оқу-ағарту министрінің осы үздік нәтижеге жетуші мектеп ұжымына жолданған алғысхатын оқып, марапаттады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.