
Түркістан шаһарында 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай, «Рәміздер алаңында» тұғырлы көк байрағымыз көкке көтеріліп, Әнұран шырқалған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен мәслихат депутаттары, ардагерлер мен мемлекеттік орган басшылары, зиялы қауым мен белгілі спортшылар, қоғамдық пікір көшбасшылары мен жастар, қала тұрғындары және БАҚ өкілдері қатысты.
– 1992 жылы Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, 4 маусым – айтулы күндер қатарына қосылды. Бүгінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – халқымыздың бойтұмарына айналды. Көк байрақ – айбарымыз, Елтаңба – елдігіміздің арқауы! Біздің қастерлі рәміздерімізді әлем мойындайды және құрметтейді. Біз – мұны зор мақтанышпен айта аламыз. Қазақстан мемлекетін құру, тәуелсіз елдің азаматы болу – тағдыр сыйлаған ұлы бақыт. Тәуелсіздікті сақтау – оның Рәміздерін құрметтеуден басталады. Әнұран, Ту және Елтаңба – барлық қазақстандықтардың мақтанышы, отаншылдықтың нышаны. Мемлекеттік рәміздерді қадірлеу – әр азаматтың қастерлі міндеті! Бұл ретте жас ұрпақтың бойына оның маңызын түсіндіре білуіміз керек. Түркістан облысында да бұл бағытта тиісті жұмыстар жүруде. Әрбір отандасымыз Әнұранды шырқап, Көк туды қадірлесе – жарқын болашаққа жол ашылады. Көк байрағымыз биікте желбіресін, Тәуелсіз Қазақ елі жасай берсін! – деді Нұралхан Көшеров.
Шара барысында облыс өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мемлекеттік туды көтеру кезінде «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Әнұранды бір мезгілде орындады. Бұдан бөлек, патриоттық әуендер шырқалып, жігерлі жастарымыз өнерлерімен көпті тамсандырды.
Айта кетейік, облыста 26 Рәміздер алаңы мен ту тұғырлары бар. Биыл Мақтаарал мен Сауран аудандарында Рәміздер алаңын салынады деп жоспарланып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.
Түркістан жастары туды көтеріп, рәміздерге құрмет көрсетті
Бұдан бөлек 4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен патриоттық бағыттағы ерекше іс-шара өтті.
Іс-шара аясында Түркістан қаласының белсенді жастары футбол алаңында алып көлемдегі Мемлекеттік туды бірігіп көтеріп, рәміздерге деген ерекше құрметін көрсетті. Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекеттік Әнұранды бірге орындап, Қазақстан Республикасының Туы, Елтаңбасы және Әнұраны жайлы маңызды мағлұматтармен танысты. Жастар өз елінің рәміздеріне деген шынайы құрметін білдіріп, патриоттық рухты дәріптеудің жарқын үлгісін көрсетті.
Президент Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты
Ал мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты. Құрмет қарауылының бастығы салтанатты іс-шараға дайындығы туралы Президентке рапорт берді. Содан кейін еліміздің әнұраны шырқалып, көк байрағымыз көтерілді.
Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, бұл еліміз үшін мән-маңызы айрықша мереке екеніне тоқталды.
– Ұлт рәміздері – Тәуелсіздігіміздің киелі бойтұмары. Елтаңба, Ту және Әнұран – мызғымас мемлекеттігіміздің белгісі. Қастерлі нышандарымыз Қазақстанның егемен ел, еңселі жұрт екенін жер жүзіне әйгілейді. Байрағы биік елдің рухы асқақ болады. Сондықтан біз осы мейрамға орай жыл сайын көк Туымызды биікке көтереміз. Бабаларымыз «Туыңды тік ұста!» деп өсиет қалдырды. Осы аманатқа адал болу – баршаға ортақ парыз. Бүгінде көк байрағымыз қастерлі Отанымыз – Қазақстанның бейбіт аспанында желбіреп тұр. Оны кейінгі ұрпаққа табыстау – қасиетті борыш, – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазір көк Туымыздың беделін бүкіл әлем мойындайды. Байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымының төрінде тұр. Оны альпинистеріміз жер шарындағы ең биік шыңдарға көтерді. Спортшыларымыз талай мәрте жеңіс тұғырына шығарды.
– Биыл жауынгерлеріміз бітімгерлік миссиясын көк байрақтың астында тұңғыш рет дербес орындап келді. Азаматтарымыздың, мемлекетіміздің осындай жетістіктері Қазақстанның қуатты әрі жасампаз ел екенін көрсетеді. Мемлекеттік рәміздер – ел мақтанышы. Елтаңбамыз, көк Туымыз бен Әнұранымыз әр азаматтың жүрегінен ерекше орын алады. Бұл – нағыз отаншылдық белгісі. Ұлт нышандары – халқымыздың болмыс-бітімінің айнасы, жарқын болашағымыздың кепілі, – деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн мемлекеттік рәміздер болып табылады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.