Түркістан облысы: Сауран ауданында жылына 10 тонна құлпынай өнімін беретін жылажай бар

Шорнақ ауылдық округінде орналасқан «Мухитдинов» шаруа қожалығы табиғи өнім өндіру ісін қарқынды түрде дамытып келеді. Жеке кәсіпкер Алымжан Мухитдинов құлпынай өсіру ісіне заманауи технологияны енгізіп, жылыжайда тамшылатып суғару әдісі арқылы экологиялық таза өнім өндіруді жолға қойған.

2024 жылы іске қосылған жобаның инвестициялық құны – 300 миллион теңге. Қазіргі таңда 0,7 гектар аумақта заманауи жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Мұнда өсірілетін құлпынай ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен жетіледі. Бұл өнім сапасының жоғары болуын және адам денсаулығына пайдалы дәрумендерге бай болуын қамтамасыз етеді.

– Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Пестицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілген құлпынайымыз дәмді әрі ағзаға қажетті дәрумендерге толы, – дейді шаруа қожалығының иесі .

Қожалық иесінің айтуынша, бұл құлпынай түрі бір маусымда бірнеше рет өнім беріп, жоғары өнімділігімен ерекшеленеді. Жоба іске қосылған уақыттан бері жылына кемінде 10 тонна өнім жиналады. Қазіргі таңда өнімнің басым бөлігі Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Тұтынушылар тарапынан сұраныс жоғары, сондықтан кәсіпкер алдағы уақытта шаруашылық аясын екі есе кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл бастама ауыл шаруашылығын әртараптандыру мен жергілікті азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам саналады.

Шынын айту керек, Сауран ауданындағы агросекторде егістік алқаптары ұлғайып, жаңа технологиялар енгізілуде. Өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші болып табылады.

2025 жылы аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда егістік алқаптары толықтай дайындалып, көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде. Бүгінгі күнге дейін 5685,3 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Сонымен қатар, 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылып жатыр. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтіліп отыр.

Түйіндей айтсақ, Сауран ауданында ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұл сала – аудан экономикасының негізі, тұрғындардың тұрақты табысы мен өмір сапасының кепілі.

  • Өткен жылы жалпы егістік көлемінің – 43,6 мың гектары игерілді.
  • Салаға тартылған инвестиция көлемі – 15,7 миллиард теңге.
  • 2025 жылы 9 ірі жоба іске асады.
  • Ірі жобалар аясында сүт фермасы, бордақылау кешені, жылыжай кешені және басқа да өндірістік нысандар салынбақ.

Бұл жобалар ауыл шаруашылығындағы өнімділікті арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға зор мүмкіндік береді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You