
Түркістан қаласы білім бөлімі және Түркістан қалалық Полиция басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен оқушылардың жол қозғалысы ережелерін меңгеруіне, жолда жүру мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Жол қозғалысының жас инспекторлары» республикалық байқауының қалалық кезеңі өткізілді.
Жас ұрпаққа жолда жүру ережелерін насихаттау мен оларды тәртіпке һәм сақтыққа баулу мақсатында ұйымдастырылған байқауды Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы мен Түркістан қалалық Полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Алмас Келдібекұлы ашып, жас инспекторларға сәттілік тіледі.
Бірнеше кезеңдер бойынша өткен байқаудың қорытындысы бойынша үздік деп танылған Сәкен Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің «Қауіпсіз бағыт» тобы жеңімпаз атанды. ІІ орынды Төле би атындағы №19 жалпы білім беретін мектебінің «Айбат» тобы, ІІІ орынды Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясының «Сапар сақшылары» тобы мен Әлішер Науаи атындағы №13 мектеп-гимназиясының «Жас инспекторлар» тобы жеңіп алды. Сонымен қатар, Ғани Мұратбаев атындағы №5 жалпы білім беретін мектебі «Шығармашыл жас жол сақшысы», Нәзір Төреқұлов атындағы №8 жалпы білім беретін мектебі «Жол ережесін үздік насихаттаушы», Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназиясы «Үздік жас жол сақшысы» номинацияларымен марапатталды.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерге қалалық Полиция басқармасының мақтау қағаздары, арнайы медальдар мен сыйлықтар тарту етілді.
Жеңіс — бір күндік, ал қауіпсіздік — өмір бойғы ұстаным. Сондықтан, үйде де, мектепте де, көшеде де жол ережесін ұмытпайық!
Қауіпсіздік дегеннен шығады, биыл Түркістан қаласы бойынша 3069 оқушы 11-сыныпты бітіреді. Түлектердің салтанатты соңғы қоңырау күні 23 мамырда өткізіледі.
Бүгін қала әкімдігі және білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп басшыларының басын қосқан жиналыс өтті. Жиналыс барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы мен Түркістан қаласы білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы оқу жылын сәтті аяқтау үшін қойылған талаптарды қатаң сақтап, бекітілген ереже бойынша жұмыс жүргізу қажеттігін ескертті.
Сонымен, ТЫЙЫМ САЛЫНАДЫ:
➢ іс-шараны өткізуге ата-аналардан ақшалай қаражат жинауға;
➢ әкімшілік және педагогикалық қызметкерлерге сыйлықтар алуға немесе беруге;
➢ іс-шараларды өткізуге аниматорларды, мерекелік агенттіктерді және жеке студияларды тартуға;
➢ мектеп бітіру кешін сән-салтанатты өткізуге (сыныпты безендіру, түлектің сыртқы келбеті және т.б.);
➢ аспанға шар ұшыруға;
➢ мерекелік үстелдер, салтанатты дастархан ұйымдастыруға;
➢ жалға берілетін автокөліктерді тарта отырып, қала бойынша көшпелі экскурсиялар өткізуге;
➢ мектеп бітіру іс-шарасын мейрамханаларда, кафелерде және басқа да ойын-сауық орындарында ұйымдастыруға;
Тыйым салынған шаралардың алдын алу бойынша ата-аналармен, оқушылармен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, табиғат аясындағы демалыс орындарына баруға, қала ішінде сейіл жасауға, кафелер мен тойханаларда мерекелік шара ұйымдастыруға жол бермеу қажеттігін атап айтты. Полиция басқармасының жауапты қызметкерлеріне рейдтік іс-шаралар ұйымдастырып, қала көшелерінде тәртіппен қатар жасөспірімдердің қауіпсіздігін сақтау бойынша тапсырма берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
