
Жуырда ғана облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Ерғалиқызы БАҚ өкілдерімен өткен пресс-конференцияда 2024-2025 оқу жылын жетістікке толы жыл болғанын мәлімдеп, бірқатар жағымды ақпараттармен бөліскен-ді.
— Білім сапасындағы жетістіктерге тоқталар болсақ, 2024-2025 оқу жылы облысымыз үшін табысты жыл болды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадаларда 12 алтын, 16 күміс, 27 қола медаль иеленді. Сонымен қатар, 5 мектеп үздік олимпиадалық мектептер қатарына енсе, «Зерде» республикалық жобалар конкурсында 9 жүлделі орынды иеленді. Гуманитарлық және жаратылыстану бағытындағы республикалық байқауларда оқушыларымыз 100-ге жуық жүлделі орынмен оралды. «XXI ғасыр көшбасшысы» зияткерлік сайысында облыс оқушылары алтын мен күміс медальдарға ие болды. 2024-2025 оқу жылындағы қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану бағыттағы Республикалық олимпиадаға қатысушы-командалардың сапалық рейтингі бойынша Түркістан облысы — үздік үштікте.
Білім саласындағы инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, облыста 2025-2027 жылдары 115 мектеп жаңғыртудан өтеді. Биыл 41 мектепке қайта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұл ауылдағы баланың да қаладағы замандасымен тең дәрежеде білім алуына жол ашады.
Сонымен қатар, өңірде педагогтерді қолдау мақсатында 2024 жылы 17 548 педагог біліктілігін арттырса, 2025 жылы 17 121 педагог қамтылады. Қазірдің өзінде 3 889 маман курстан өтті, — деді ол.
Сондай-ақ атап өтер тағы бір мәселе, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы Бейсембаевтың білім саласындағы 20 өлшемшарттан тұратын рейтинг көрсеткішінің нәтижесінде Республика бойынша «Үздік 100 мектептің» қатарына Түркістан облысынан қатарынан 5 білім ордасы енді.
Атап айтқанда,
- Ордабасы ауданының Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясы,
- Созақ ауданының Тәкен Әлімқұлов атындағы №14 мектеп интернат-лицейі,
- Жетісай ауданының Бауыржан Момышұлы атындағы №6 мектеп-гимназиясы,
- Кентау қаласының Махмуд Қашғари атындағы мектеп-лицейі,
- Сайрам ауданының №74 мектебі.
Осы ретте тілге тиек етер жайт, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында инфрақұрылым жұмыстары қарқынды жүргізілді. Түркістан облысында жалпы 29 мектептің құрылысы жоспарланған. Олардың инженерлік инфрақұрылым жүйелері 100% тартылған. Былтыр осы жоба бойынша 13 мектеп тапсырылды. 2025 жылы 16 мектептің құрылысы жүргізілуде. Бүгінгі таңда өңірдегі жайлы мектептерде 8 мыңға жуық оқушы білім алуда.
Екі жыл ішінде ұлттық жоба аясында ел аумағында 460 мың оқушы орнына арналған 217 заманауи мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 105 білім беру нысанының құрылысы аяқталды, ал қалған 112 мектеп 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жоба тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық қазақстандық баланы заман талабына сай сапалы біліммен қамтамасыз етуге бағытталған.
Айта кету керек, бұл мектептердің жартысына жуығы ауылдық жерлерде салынуда. Осылайша, 200 мыңнан астам ауыл баласы қазіргі заманғы жайлы білім беру ортасымен қамтылды.
«Бұл жоба – елімізде орта білім сапасын арттыруға және қала мен ауыл мектептері арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған стратегиялық бастама. Бұл — жай ғана мектеп ғимараттары емес, ұлт болашағы өсіп шығатын киелі білім ордалары. Сондықтан ұлттық жоба аясында қалыптасатын білім ұйымдарын «Келешек мектептері» деп атауды ұсынып отырмыз», – деп атап өтті Ғани Бейсембаев Орталық коммуникация қызметінің алаңында өткен брифингте.
Бұл мектептердің артықшылығы – онда оқушыларға қолайлы, эргономикалық білім беру кеңістігінің құрылуда. Мектептердің көлемі типтік жобаларға қарағанда, 15-20%-ға үлкен, ал техникалық жарақтануы 4 есеге артық. Барлық мектептер заманауи жиһазбен және құрал-жабдықтарымен толықтай қамтамасыз етіліп, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған.
Жоба аясында жергілікті өндірісті қолдауға ерекше басымдық берілуде. Мектеп құрылысына қажетті материалдар, мектеп жиһаздары тек отандық тауар өндірушілерден сатып алынуда.
Назар аударарлығы, «Бұл мектептердегі тәрбие процесі тек білімді ғана емес, сонымен қатар біз «Адал Азамат» деп атайтын жоғары моральдық қасиеттерге ие және қоғамның дамуына үлес қосуға дайын жауапты, адал, бастамашыл азаматты қалыптастыруға бағытталған. Балалар ерте жастан бастап еңбекті құрметтеу, әлеуметтік әділеттілік, адалдық және жауапкершілік қағидаларын үйренеді. Осы тұлғалық жеке қасиеттерді біз Қазақстанның табысты дамуының негізі деп санаймыз.
Сонымен қатар, жоба аясында біз ұлттық мәдениет пен күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде экологиялық тәрбиені қалыптастырамыз. Бұл «Таза Қазақстан» республикалық акциясы идеяларының қисынды жалғасы: экологиялық мәдениет пен қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру біздің балалармен жұмысымыздың маңызды бағытына айналуда.
«Бастауыш сыныптардан бастап түрлі мамандық иелерімен кездесулер, жобалық апталар ұйымдастырылады. 7-сыныпта оқушылар үшін тереңдетілген бейіндік оқыту, тәлімгерлік жүйесі және жеке білім беру курстары енгізіледі. Бұл үдерісті тиімді үйлестіру және басқару мақсатында «Мансап компасы» арнайы цифрлық платформасы әзірленуде. Ол оқушыларға болашақ кәсіби бағытын және әрі қарайғы білім алу жолын саналы түрде таңдауға көмектеседі», – дейді министр.
Оқушыларды еңбекке баулу және олардың шығармашылық әлеуетін дамыту мақсатында мектептерде әмбебап шеберханалар мен студиялар, сондай-ақ ерте кәсіби білім беруге арналған арнайы жабдықталған кабинеттер қарастырылған. Атап айтқанда, тігін, аспаздық, ІТ, ағаш шеберханасы және басқа да бағыттар бойынша оқу бөлмелері қажетті заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
