Түркістан облысы: Сауран ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

Бүгін аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен Құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында аудан көлеміндегі қоғамдық қауіпсіздік пен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, бейнебақылау жүйесін жетілдіру және ауыр қылмыстардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды.

Алдымен Сауран аудандық полиция бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Түймебаев 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында жүргізілген іс-шаралар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы есеп берді. Ол аудан көлеміндегі қылмыстардың ашылуы, профилактикалық іс-шаралар мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

Ал Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және отбасылық құндылықтарды насихаттау бойынша жүргізілген жұмыстарды баяндады. Ол әлеуметтік әдістемелер мен профилактикалық кездесулердің маңызын атап өтіп, тұрғындарға бағытталған түсіндіру жұмыстарының нәтижесін ұсынды.

Өз кезегінде Әкімшілік және ақпараттық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Асқар Дайрабаев қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен бейнебақылау жүйесін жетілдіру бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы толық мәлімет берді. Оның сөзінше, цифрлық технологиялар арқылы бақылау жүйесін жетілдіру бағытында нақты жоспарлар іске асырылып жатыр екен.

Бұдан бөлек Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов ауыр қылмыстардың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстар мен кездескен мәселелер туралы есеп берді. Олар жергілікті тұрғындар арасындағы профилактика, түсіндіру жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, қауіпсіздік шараларын күшейту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров әрбір бағыт бойынша нақты тапсырмалар беріп, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіпті сақтау, профилактикалық іс-шараларды жүйелі жүргізу және ведомствоаралық үйлесімді іс-қимылды жетілдіру қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның да отырысы өтті. Жиында бірқатар маңызды бағыттағы жұмыстар талқыланып, салалық бөлім басшыларының есептері тыңдалды.

Әуелі Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Сұлтанғали Шакиров туризм саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы баяндады. Ол туризм саласындағы бақылау, мониторинг жүргізу тәжірибелері мен профилактикалық іс-шараларға тоқталды.

Әрі қарай құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі Айдын Абдигаппаров сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына енгізілген ұзаққа созылған құрылыс нысандары мен инфрақұрылым жобаларының жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді. Ол құрылыс мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз ету, ашықтық пен бақылауды күшейту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.

Мұнан өзге Ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрғазы Тәжібеков қоғамдық даму саласындағы іс-шараларды қаржыландыру кезінде кездесуі мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы баяндама жасады. Ол қаржыландыру процесіне бақылауды жетілдіру мен ашықтық механизмдерін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған іс-шаралар жайлы айтты.

Оған қоса Жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев жер қатынастары саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы толық ақпарат ұсынды. Ол жер учаскелерін бөлу процесіне қоғамдық бақылауды қамтамасыз ету, электронды платформа арқылы өтініш беру механизмдері енгізілгенін жеткізді.

Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында бірлескен жұмыстарды одан әрі жетілдіруді, әрбір салада бақылау мен ашықтық принциптерінің толық сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Бүгін сонымен қатар Сауран ауданында аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кәсіпкерлермен кездесу де өткізілді. Жиналысқа аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев пен Түркістан облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Роза Сариева, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің техникалық директоры Талғат Ташимов пен кәсіпорынның өндірістік-техникалық қызмет басшысы Самиддин Монтаев, сондай-ақ Түркістан қаласы және Сауран ауданының электр желісінің бас инженері Ғани Қойшиев қатысты.

Жиын барысында кәсіпкерлік нысандарын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету, жарықтандыруды жақсарту және энергия тапшылығын азайту бағытындағы маңызды мәселелер талқыланды. Кәсіпкерлердің өтініштері тыңдалып, шешу жолдары бойынша келіссөздер жүргізілді. Сондай-ақ, ауылдық округ әкімдерінің орынбасарлары жергілікті кәсіпкерлік объектілерінің энергиямен қамтамасыз етілуі бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында аудан әкімі Мақсат Таңғатаров кәсіпкерлердің өтініштері бойынша нақты тапсырмалар беріп, энергия тапшылығын азайту, жарық беру сапасын жақсарту және кәсіпкерлік нысандарын қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде іске асыруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You