Түркістан облысы: Сауран ауданында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі мен хаттамалық тапсырмалардың орындалуы қаралды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімінің аппараттық мәжілісі өтті. Жиын барысында өзекті екі мәселе қаралып, тиісті сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің аудандағы орындалу барысы. Бұл бағытта Сауран аудандық емханасының бас дәрігері Бахыт Стамқұлов баяндама жасады. Олар медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындардың қатысу деңгейі мен сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс, сондай-ақ түсіндіру шаралары мен қызмет сапасы жайында ақпарат берді.

Аудан әкімі бұл мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, сала басшыларына жұмысты күшейтуді жүктеді.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – әрбір азаматтың денсаулығы үшін мемлекет пен қоғамның бірлескен жауапкершілігі. Сондықтан әр мекеме өз деңгейінде халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, сақтандырумен толық қамтылуына ықпал етуі тиіс, – деді Мақсат Асылбекұлы.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – облыс және аудан әкімдерінің хаттамалық тапсырмалары мен тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелердің орындалу барысы. Бұл бойынша ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Ербол Насыр баяндама жасап, нақты жұмыстар мен орындалу деңгейіне тоқталды.

Аудан басшысы барлық жауапты тұлғаларға халықпен кездесу барысында айтылған ұсыныстарды уақытылы әрі сапалы орындау қажет екенін ескертті.

– Әрбір тапсырманың артында нақты адам мен нақты мәселе тұр. Біз үшін ең бастысы – тұрғындардың сенімі мен әл-ауқаты. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі әрі тұрақты болуы керек, – деді аудан әкімі.

Жиынды қорытындылай келе, аудан әкімі Мақсат Таңғатаров көтерілген әрбір мәселе бойынша нақты тапсырмалар беріп, жауапты бөлім басшыларына оларды белгіленген мерзімде сапалы әрі нәтижелі түрде орындауды жүктеді. Сонымен қатар, тұрғындармен кері байланысты нығайтып, халықтың өтініш-тілектеріне жедел әрекет ету қажеттігін қатаң ескертіп өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You