
Бұл жөнінде Су ресурстары және ирригация министрлігі хабарлады. Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына сапары аясында «Ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру» жобасының нәтижелерімен танысты.
Әр ұңғыма 45 метр тереңдіктен секундына 60 литр жерасты суын береді. Бұл егіс алқабына қосымша су жіберу үшін қажет.
Сонымен қатар Ордабасы ауданында 44 тік дренажды ұңғыманың 17-сі жөнделді. Оның ішінде 10 ұңғыма қолданысқа берілді.
Министрлік хабарлағандай, бұл ұңғымалар сор шаю жұмыстары үшін де өте маңызды. Нәтижесінде топырақтың құнарлығы артып, әр гектардың өнімділігі ұлғаяды.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз алғаш рет Астана су қоймасында ауқымды тазалау жұмыстарын бастадық. Келесі кезекте Шардара су қоймасының түбін тазалау үшін жерснарядтар сатып алуды жоспарлап отырмыз. Сол секілді Бөген қоймасын да тазарту мәселесін пысықтау керек. Бұл қоймаға жиналатын су көлемін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр Нұржан Нұржігітов.
Өңірге сапары барысында министр Бөген су қоймасына да барды. Қойманың жалпы сыйымдылығы 370 миллион текше метрді құрайды. Нысан 67 мың гектар егіс алқабын сумен қамтып отыр. Бүгінде шаруаларға секундына 50 текше метр су жіберіліп жатыр. «Осыған дейін су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесі бойынша нысанға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр» — дейді аталмыш министрліктегі жауаптылар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.