Түркістан облысы: Сауран ауданының әкімі тұрғындарды жеке қабылдады

Бүгін Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Қабылдаудың мақсаты – тұрғындар тарапынан түскен өзекті мәселелерді жедел қарап, тиісті шешімдер қабылдау. Қабылдау барысында аудан тұрғындары тарапынан төрт мәселе көтерілді.

Атап айтқанда, тұрғындардың бірі әлеуметтік жағдайының төмендігін айтып, тұрғын үймен қамту және әлеуметтік қолдау көрсету туралы өтініш білдірді. Аудан әкімі бұл мәселені зерделеуді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне тапсырды.

Келесі азамат Сауран аумағындағы жер телімінің құқықтық мәртебесіне қатысты мәселе көтерді. Бұл бойынша Сауран ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне нақты тапсырмалар берілді. Білім саласына қатысты мәселе де айтылып қалды. Нақтырақ айтсақ, Шорнақ ауылындағы мектепте оқушылар санының артуына байланысты туындаған қиындықтар сөз болды. Аудан басшысы білім бөліміне жағдайды зерделеп, қажетті шешімдер қабылдауды жүктеді.

Тұрғындардың бірі жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге қатысты ұсыныс айтты. Бұл мәселе бойынша тиісті заңнамалық түсіндірме беріліп, жауапты бөлімге жолданды. Қабылдау қорытындысы бойынша барлық көтерілген мәселелер тіркеліп, сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Аудан әкімі азаматтардың өтініштері бақылауда болатынын және заң аясында шешілетінін атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You