
Бүгін сегізінші шақырылымдағы Сауран аудандық мәслихатының кезектен тыс отыз төртінші сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудан әкімі Мақсат Асылбекұлы Таңғатаров пен аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық дербес бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын басшылары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сонымен, сессияда күн тәртібіне сәйкес жеті маңызды мәселе қаралды. Алғашқы мәселе бойынша – Сауран ауданы әкімдігінің дербес құрамына келісім беру туралы баяндаманы аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Ербол Насыр жасады.
Келесі екі мәселе – кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту бойынша да баяндама жасалып, тиісті шешімдер қабылданды. Бұл мәселелер бойынша баяндамаларды Ербол Насыр және Самат Ажығабылов жасады.
Сондай-ақ сессия барысында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның дербес құрамын бекіту және Сауран ауданы бойынша 2025-2029 жылдарға арналған жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды бекіту мәселелері талқыланды. Бұл бағытта аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Асылбек Патсаев нақты ұсыныстарын жеткізді.
Қаржылық салаға қатысты екі маңызды мәселе де қаралды. Атап айтқанда, 2025-2027 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізу, сондай-ақ әлеуметтік көмек көрсету қағидаларына өзгеріс енгізу туралы шешімдер қабылданды. Бұл мәселелер бойынша баяндамалар экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Сұлтанғалиұлы Мырзахметов және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Дәуірхан Асылбек тарапынан ұсынылды.
Сессия барысында қаралған барлық мәселелер депутаттар тарапынан қолдау тауып, тиісті шешімдер қабылданды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.