Түркістан облысы: Ордабасы ауданында кәсіпкерлермен кездесу ұйымдастырылды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен инвест штаб отырысы өтті. Онда аудан аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жоба иелері мен алдағы уақытта жобаларын іске асыруға ниетті инвесторлардың ұсыныс-пікірлері зерделенді.

Мәжіліс барысында аудан басшысы тиісті сала орынбасары мен қызметкерлеріне әкімшілік кедергілердің орын алуына жол бермеу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктері жайлы дер кезінде ақпараттандыру және оны пайдалануды сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетсек, аудан аумағында отандық және шет ел инвесторлары арқылы 2025-2026 жылдар аралығында құны 18,2 миллиард теңгені құрайтын, 810 жаңа жұмыс орны бар 10 жоба іске қосылады. Іске асырылған жобалардың есебінен 2025 жылдың 6 айында тартылған инвестиция көлемі 25,8 миллиард теңгені құрап, жылдық жоспар 48,6 пайызға орындалды. Ал, алдағы іске асатын жобалар ауданның өндірістік әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосары сөзсіз.

Жаңа техникалар тапсырылды

Сондай-ақ бүгін елімізде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында арнайы бөлінген қаржының есебінен сатып алынған 4 коммуналдық техника «Темірлан абаттандыру» мекемесіне тапсырылды. Оған қоса шілде айының соңына дейін қосымша 5 техниканың жеткізілуі жоспарлануда. Бұл техникалар аудан аумағында абаттандыру, көгалдандыру, жол мен санитарлық тазалық жұмыстарын сапалы және жүйелі түрде жүргізуге мүмкіндік береді.

Жылу беру маусымына дайындық шаралары пысықталды

Бұдан бөлек бүгін аудан әкімінің орынбасары Олжас Болатханұлының төрағалығымен алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатындағы штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде аудан көлеміндегі бюджеттік мекемелердегі жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Отырыста штаб төрағасының орынбасары А.Искаков, білім бөлімі әдіскері М.Сәрсенбеков, орталық аурухананың бас дәрігері Р.Тасырбаев, мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Н.Асанбаев өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Қазіргі таңда қысыммен тексеру, шаю, қазандықтарды жөндеу және дайындау жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қатты және сұйық отынға қажеттілік нақтыланып, тасымалдау тамыз айында басталуы жоспарлануда. Газ жүйесіне қосу, электрмен жылытылатын нысандардың жүйелерін ретке келтіру және қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

Штаб отырысының қорытындысында жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктеліп, барлық іс-шаралардың бекітілген мерзімде әрі сапалы орындалуы тапсырылды. Аталған жұмыстар аудан әкімінің тікелей бақылауында болады.

Пробация бойынша жиын өтті

Мұнан өзге бүгін аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияздың төрағалығымен «аудан әкімдігі жанындағы қылмыстық жазаны және құқықтық ықпал ету шараларын атқарушы мекемелердің қызметіне жәрдемдесу, қылмыстық жазасын өтеген азаматтарға әлеуметтік көмектер ұйымдастыру» жөніндегі кеңесші органның кезекті жиыны өтті. Мәжіліске аудан прокурорының орынбасары Ерлан Мұсаев және тиісті сала басшылары мен қызметкерлері қатысты.

Күн тәртібінде аудандық пробация есебінде тұрған азаматтарға және олардың отбасына көрсетілетін көмектер, пробация есебінде тұрған азаматтарды жұмыспен қамту және қайтарымсыз грант беру, пробация есебінде тұрған азаматтардың балаларына көрсетілетін көмектер жөнінде талқыланды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You