Түркістан облысы: Созақ ауданының әкімі егіс алқаптарын аралап, саябақтардағы абаттандыру жұмыстарының барысын бақылауына алды

Әне-міне дегенше, созақтық шаруалар жиын-терім науқанын бастады. Арпа дақылдарын орып, маусымдық жұмыстарды қарқынды жүргізіп жатыр. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жон аймағындағы егіс алқаптарын аралап, науқан барысымен танысты.

Мәселен, «Камила РБР» ЖШС биыл 240 гектар алқапқа арпа ексе, «Өмір» шаруа қожалығы бидай өсірумен айналысуда. Қожалық басшыларымен тілдескен аудан басшысы егін шығымына, өнім көлеміне және ауа райының әсеріне қатысты мәселелерді талқылады. Шаруалар биыл орын алған қуаңшылықтың салдарынан өнім көлемінің жылдағыдан едәуір аз екенін атап өтті.

Айта кетейік, биыл аудан көлемінде 370 гектарға — бидай, 1438 гектарға — арпа, 1100 гектарға — мақсары, 760 гектарға жүгері дақылдары егілген.

Ал 15 маусым күні аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен лездемелік жиын өткен болатын. Жиында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан жол жөндеу, ауыз сумен қамту, көше жарықтандыру, құрылыс нысандарының барысы, қысқы маусымға дайындық және санитарлық тазалық жұмыстары жан-жақты талқыланды.

Ауылдық округтер мен кент әкімдерінің есептері тыңдалып, нақты тапсырмалар жүктелді. Әрбір бағыт бойынша жауаптыларға хаттамалық тапсырма жүктеліп, белгіленген мерзімде орындалуын қатаң бақылауда ұстау ескертілді.

Сонымен қатар бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығындағы бірқатар саябақтарды аралап, атқарылып жатқан абаттандыру және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Аудан басшысы алдымен «Орталық саябақта» болып, тұрғындар мен қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында берілген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауына алды. Қазіргі таңда саябақ аумағында балаларға арналған ойын алаңдары, шынығуға арналған спорттық құрылғылар, фастфуд өнімдерін дайындауға арналған шағын бутиктер, сондай-ақ гигиеналық талаптарға сай дәретханалар орнатылған. Саябақтың көркін арттырып, жайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар әлі де жалғасуда. Қоғамдық тәртіп пен тазалықты сақтау мақсатында саябақ аумағына бейнебақылау камераларын орнату және полиция пунктін салу мәселелері де қарастырылды.

Сапар барысында “Тәуелсіздік саябағында” да болды. Мұнда қазіргі уақытта су бұрқақтарды жаңарту және жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Халық демалатын орындар таза, қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы тиіс. Жобалардың әрбір бөлігіне мұқият қарап, жұмыс сапасын басты назарда ұстау қажет, – деген аудан басшысы жауапты мамандарға жұмыстардың сапасына ерекше мән беруді және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You