
Кез келген ауданның әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақтылығының, дамуының, ертеңгі күнге деген сенімінің негізгі көрсеткіштерінің бірі — индикаторлық межелердің орындалуы.
Бұл туралы бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлының төрағалығымен өткен кезекті аппараттық жиында аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Асқар Көлбай мәлімдеді. Жауапты бөлім басшысы әр салаға қатысты межелерге жеке-жеке тоқталып, жоспардың орындалу барысын егжей-тегжейлі талдап өтті.
Қайрат Жолдыбайұлы көрсеткіштерді мұқият қарап шығып, жоспарды төмен орындаған мекеме басшыларын жеке-жеке тұрғызып, жауапты орынбасарлары және ауыл әкімдерімен бірлесіп жұмысты жандандыруды тапсырды.
Сондай-ақ, кезекті аппарат мәжілісінде аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімінің басшысы Мейрамхан Кемелханов жазғы шомылу маусымы кезеңінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және орман, дала өрттерінің алдын алу жұмыстары туралы баяндады.
Жаз мезгілінде су айдындарындағы қауіпсіздік шараларын күшейту маңызды. Қайғылы оқиғалардың жиі орын алуына азаматтардың қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтамай, белгіленбеген орындарда шомылуы себеп болып жатады.
Аудан әкімі суға шомылуға арналған орындарға арнайы белгілерді қою, арнайы су бассейндерін ұйымдастыру, өрт жағдайларын болдырмау мақсатында тұрғындарға, демалыс аймағының басшылары мен демалушыларға сақтық шараларын түсіндіру жұмыстарын жандандыру керектігін атап өтті.
Жиын қорытындысына сәйкес аудан басшысы жауапты бөлім басшылары мен ауыл округтерінің әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, аталған жұмыстардың орындалу барысы өз бақылауында болатынын жеткізді.
Отырар ауданында балаларды шаттыққа бөлеген шара ұйымдастырылды
Бүгін аудан басшысы қатысқан тағы бір шара жөнінде. Қай уақытта да балалар – ұлттың үміті һәм болашақтың бастауы. Олардың балалық шағы бақыт пен мейірімге толы, қауіпсіз әрі мазмұнды өтуі – баршамыздың ортақ парызы. Осы мақсатта бүгін аудан орталығындағы «BalaTime» ойын-сауық орталығында балаларды шаттыққа бөлеген мерекелік шара өтті.
Шараға аудандағы 50-ден аса отбасының балаларына «Заречное» БК АҚ-ның бас директоры Қанат Есенгелдіұлы Нұржановтың демеушілігімен сыйлықтар таратылып, «BalaTime» ойын-сауық орталығына бір күндік тегін жолдама берілді. Қуанышқа бөлеген шарада балалар түскі ас ішіп, түрлі ертегі кейіпкерлерімен ойын ойнады.
Мейірімге толы шарада аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бүлдіршіндерді мерекелерімен құттықтап, отбасы — адам ғұмырының тірегі ғана емес, қоғамның да басты негізі, ал балаларға қуаныш сыйлап, олардың құқығын қорғау барша адамзаттың парызы мен жауаптылығы екендігін ерекше атап өтіп, бүлдіршіндерге мерекелік ізгі тілегін білдірді.
Балалар мен ата-аналардың жүздеріне күлкі үйірілген жиында ата-аналар қайырымдылық шарасын ұйымдастырған азаматтардың еңбектеріне табыс пен абырой тілеп, ақ батасын берді.
Шара соңында балалар мен ата-аналар шараға қатысушы қонақтармен естелікке суретке түсті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.