Түркістан облысы: Отырар ауданындағы тазалыққа жауапты мекемеге жаңа техникалар табысталды

Түркістан өңірінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасын жүйелі жүзеге асыру мақсатында коммуналдық салаға тиісті қолдау көрсетіліп келеді. Осы мақсатта Отырар ауданына көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру үшін жаңа техникалар жеткізілді.

Бүгін жаңа техникаларды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы коммуналдық қызмет саласының мамандарына табыстап, тұрғындарының өмір сапасы мен аудан тазалығын жақсарту мақсатында жүзеге асырылып жатқан жаңашылдықтардың маңыздылығына тоқталды.

Аудан әкімі өз сөзінде: «Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін ауданымызға қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған үлкен қолдау деп білемін», — деді.

Сондай-ақ, шара барысында аудандық мәслихат төрағасы Уәлихан Ұзақов, аудандық қоғамдық кеңес пен ардагерлер кеңесінің төрағалары Нұржан Дайрабаев пен Бектібай Арзықұлов техникалар тазалық жұмыстары мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыруда маңызды рөл атқаратынын айтып, мамандардың жұмысына сәттілік тіледі.

«Отырар-2050» мекемесі бүгінде тәжірибесі мол кәсіпорын ретінде ауданды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мекеме тарапынан аймақтағы тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару, саябақтар мен скверлерді, гүл бақтарын, жаяу жүргінші жолдарын күтіп ұстау, қыс мезгілінде қар тазалау, мұз қатпау үшін жолдарға құм, тұз себу және тал егу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынның теңгеріміне алынған тракторлар, қоқыс тасығыш сияқты жаңа үлгідегі техникалар мен тиегіш экскаватор аудан тазалығын жақсарту бағытындағы жұмыстарды жауаптылықпен атқаруда оң септігін тигізері сөзсіз.

Орайы келгенде атап өтейік, алдыңғы күні аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы бекітілген кестеге сәйкес тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындар аудан әкіміне өтiнiш-тiлектерiн жеке-жеке жеткізіп, мәселелерiнiң оң шешiмiн табуына ықпал жасауды сұрады.

Қабылдауға келушілердің басым бөлігі тұрақты жұмысқа орналасу, тұрғын үй кезегі, ауыз су, инфрақұрылым жүргізу мәселелерін көтерсе, бірі жеке мәселелері бойынша да әлеуметтік көмек көрсетуді сұрады.

Әрбір сұрақ аудан басшылығы тарапынан мұқият тыңдалып, тиісті сала мамандарының қатысуымен бірлесе талқыланды. Кейбір мәселелер сол сәтте шешімін тауып, тұрғындарға нақты жауап берілді.

Қабылдау соңында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тиісті бөлім басшылары мен жауапты мамандарға тұрғындар көтерген мәселелерді мұқият зерделеп, шешу жолдарын нақтылауды тапсырды. Сонымен қатар, кейбір жағдайларды көзбен көріп, нақты шешім қабылдау үшін арнайы барып көру қажеттігін айтып, жүйелі жұмыс жүргізуді міндеттеді. Бұл қадамдар өз кезегінде аудандағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, сенімді түрде өркендеуіне оң әсерін тигізері анық.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You