Түркістан облысы: Отырар ауданында ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілерге құрмет көрсетілді

Бүгін аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мереке қарсаңында аудандағы мемлекеттік қызмет саласында жемісті қызмет етіп жүрген бір топ азаматтарды қабылдап, оларға құрмет көрсетті.

Мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел игілігі, қоғамдағы тұрақтылық, халық арасындағы ынтымақ-бірлікті қалыптастыру жолындағы тынымсыз еңбектерін жоғары бағалап, алғысын білдірді.

Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Ауданда ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп, көпшіліктің алғысына бөленіп жүрген мемлекеттік қызметшілер аз емес. Олар өз еңбектеріне қарай әртүрлі марапаттарға ие болып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп келеді. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті – туған Отаны мен халқына адал қызмет ету, өзгелерге үлгі болу. Мен өз әріптестерімнің осы талап деңгейінен көрінетіндеріне сенемін», — деді.

Сондай-ақ «Құрметті мемлекеттік қызметшілер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз 23 маусым — Мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекеттік қызметті атқару — терең білім мен тәжірибесі мол маман болуын қажет етеді. Болашағын осы саламен байланыстырған әрбір азамат өзіне жүктелген жауапкершілікті сезініп, адалдық, әдептілік, қарапайымдылық қағидаттарын берік ұстанып, халықтың сеніміне ие болуы тиіс.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге заманауи, сапалы қызмет көрсету міндеті қойылып отыр. Өйткені, халықтың билікке деген сенімі қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметшіден басталады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауында қазіргі заманға сай мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін қалыптастыру керектігін атап көрсетті. Нәтижесінде, мемлекеттік қызметте жаңа кадрлардың, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл қызметкерлердің елге қызмет етуде құлшынысы артып, жауапкершілігі нығая түседі.

Ауданда мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру, мемлекеттік қызметшінің беделін көтеру бағытында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік қызметшілер жұмыста қарапайым, өмірде өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сондықтан ел үшін қызмет ету, оның ішінде ауданның дамуына үлес қосу – мерейлі міндет, зор абырой.

Сіздерді кәсіби мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, қызметте толағай табыс тілеймін!» — деп, ізгі тілегін жеткізді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай.

Шара барысында қызметте жақсы жетістіктерге жетіп, жүктелген міндетті жоғары деңгейде атқарып келе жатқан бірқатар мемлекеттік қызметшілерге Түркістан облысы әкімінің Грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, аудан әкімінің Алғыс хатына да бірқатар мемлекеттік қызметшілер ие болды.

Осы орайда атап өтерлігі, ауданда 24 маусым — Судья және Сот қызметкерлері күні мен 23 маусым — Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күніне орай Отырар ауданы бойынша мекеме қызметкерлері арасында футболдан аудандық турнир өтті.

Турнирдің ашылу салтанатына аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы қатысып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

Аудан басшысы құттықтау сөзіне: «Тағылымдық тұрғыда мәні айрықша доп додасы ең бірінші бұқаралық спортты насихаттаумен қатар, мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасындағы достықты, береке мен бірлікті насихаттайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткендей, ашықтық, адалдық, адал ниеттілік және клиентке бағдарлануды мақсат еткен қызметкерлер – қоғамның айнасы болуы міндетті. Тұрғындардың мемлекеттік органға деген көзқарасы қызметкерлер арқылы қалыптасады», — дей келе, тартысты ойында шын жүйріктердің оза шабуына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, мерекелік спорттық шараға арнайы қатысқан аудандық соттың төрағасы Марат Қуандықов пен аудандық полиция бөлімінің бастығы Берік Нышанбаев өзара түсіністік пен достықты дәріптеуге бағытталған спорттық жиынның мекеме қызметкерлері арасындағы бірлікті нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға қосатын үлесі зор екенін атап өтті.

Аудан көлемінде өткен бұл жарысқа барлығы 10-ға жуық команда қатысып, өзара шеберліктерін сынға салды. Жоғары деңгейде өткен турнир нәтижесінде аудандық емхана ұжымы ІІІ орын, аудан әкімі аппараты ІІ орын, мәдениет және спорт бөлімі І орынды иеленді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командаларға арнайы кубоктар, грамоталар, медальдар және сертификаттар табыс етілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You