
Бүгін мектеп бітіруші түлектер соңғы мемлекеттік емтиханды тапсырды. Яғни, қорытынды аттестаттау жұмыстары аяқталып, 19 маусым күнгі аттестат тапсыру сәтіне дайындық жұмыстары пысықталу үстінде.
Осыған орай бүгін қала әкімінің орынбасары Мекенхан Қозыханұлы, білім бөлімінің басшысы Бақытжан Нұрмаханбетұлы және Түркістан қалалық Полиция басқармасы ЖПҚБ бастығы, полиция подполковнигі Ахан Дәуірұлының қатысуымен мектеп директорларымен қорытынды іс-шаралар бойынша жиналыс өтті.
Әрбір бала – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың білімімен қатар қауіпсіздігін де қамтамасыз ету міндетіміз. Жиналыс барысында қорытынды аттестаттау бойынша атқарылған жұмыстар, аттестат тапсыру шарасына дайындық, түлектердің шарадан кейін серуенге шығуын, салтанатты кештер ұйымдастыруын болдырмау үшін рейд жұмыстарын жүргізу және басқа да мәселелер талқыланды.
Жалпы, қаладағы құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша прокуратура, полиция басқармасы және әкімдік қызметкерлерімен бірге алаяқтық, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар мен жол-көлік оқиғалары жайы 13 маусым күні де талқыланған болатын. Құқықбұзушылықтар жиі орын алатын Сауран, Отырар, Яссы және Шауғар секторларында учаскелік инспекторлардың жұмысын күшейту қажеттігіне назар аударылды.
Ең бастысы — балалар мен жастарға қатысты қылмыстардың алдын алып, отбасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау. Бұл – бәріміз үшін өте маңызды мәселе.
Сондай-ақ, жол-көлік оқиғалары былтырмен салыстырғанда 9,3%-ға азайған. Бұл бағытта да жұмыс қарқыны мұнымен бәсеңдемей, жол белгілері мен бағдаршамдар, камералар орнату жалғасып жатыр. Қауіпсіздік үшін тиісті шаралар толық қабылданады. Тазалық сақтау бағытында да жергілікті полиция өкілдерімен қадағалау күшейтіледі.
Тазалық демекші, кешегі сенбіде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Түркістан қаласында кезекті жалпықалалық сенбілік өтті. Қала аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген тазалық шарасына Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері белсене атсалысты. Кезекті сенбілікке 800-ге жуық тұрғын қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар, тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника жұмылдырылды. Негізгі тазалық шарасы бұл жолы 1-2 мөлтек ауданы аумағында ұйымдастырылып, шөптер шабылып, аяқ жолдар сыпырылып, тұрғындардың қатысуымен тұрғын үйлердің жертөлесі қоқыстардан тазартылды.
Нәтижесінде 5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар қоқыстары шығарылып, аумақтар толықтай тазартылды.
Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және қала аумағында санитарлық талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Хош, сонымен, жоғарыда аттестат тапсыруға қатысты аталған мәселелердің орындалуын қамтамасыз ету директорларға тапсырылды.
Еске салайық, 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысы бойынша 1093 мектепте 553 мыңнан астам оқушы білім алса, мектепті 33 мыңнан астам оқушы бітіріп, 27 386 Ұлттық бірыңғай тестілеуде бағын сынады. Түркістан облысында биыл 47397 оқушы 9-сыныпты бітіріп, бәріне аттестат беріледі. Оның ішінде «Үздік аттестатқа» 5293 оқушы қол жеткізді. Ал 11-сыныпты 33 813 оқушы аяқтап, қолдарына мектепте білім алғандарын растайтын аттестат тапсырылады. Оның ішінде, 2272 оқушы “Алтын белгі” төсбелгісін, 2400 үздік аттестат иеленеді. Осылайша 2024-2025 оқу жылында Түркістан облысында 9, 11-сыныптардың түлектерін қосқанда 81 мыңнан астам оқушыға аттестат табысталмақ.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.